Қазақстан IMD-2025 әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингінде 34-орынға ие болды

Қазақстан IMD-2025 әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингінде 69 елдің ішінде 34-орынға ие болды. Бұл туралы халықаралық IMD (Халықаралық менеджментті дамыту институтының) World Competitiveness Ranking 2025 рейтингінің деректеріне сілтеме жасай отырып otpannews.kz хабарлайды.
IMD World Competitiveness Ranking – жыл сайын жарияланатын жаһандық зерттеу. Онда әр елдің экономикасының даму әлеуеті мен әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі бағаланады. Рейтингті Швейцарияда орналасқан Халықаралық менеджментті дамыту институты (IMD) әзірлейді.
IMD зерттеуі ұлттық экономикалардың тиімділігін төрт негізгі бағыт бойынша бағалап отыр. Оған экономиканың жағдайы, үкіметтің тиімділігі, бизнестің тиімділігі және инфрақұрылым кіреді.
Рейтинг мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан іскерлік ортаны нығайту, мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыру және адами капиталды дамыту бағытында сенімді түрде алға жылжып келеді. Сарапшылардың айтуынша, соңғы жылдары елде саяси жүйенің болжамдылығын және ашықтығын арттыруға, кәсіпкерлікті қолдауға және мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға бағытталған ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр.
Аналитикалық қауымдастық өкілдері Қазақстанның IMD рейтингіндегі позицияларының жақсаруы жүйелі өзгерістердің нәтижесін көрсететінін атап өтті. Олардың қатарына жаңа реттеу тетіктерін енгізу, бизнес-процестерді жеңілдету, қаржы институттарын дамыту және мемлекеттік қызмет сапасын арттыру жатады.
IMD рейтингіндегі өсім — бұл Қазақстанның орнықты даму жолында келе жатқанын, реформалар мен заң үстемдігі қағидаттарына берік екенін білдіретін халықаралық инвесторлар үшін маңызды белгі, — дейді сарапшылар.
