Маңғыстауда 15 күн ішінде 500-ге жуық көлік айыптұраққа жабылды

15-30 қыркүйек аралығында Маңғыстау облысында жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге арналған кең ауқымды «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтті. Ауқымды рейд барысында 7000-ға жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, жүздеген көлік айыптұраққа жеткізілді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жолдағы тәртіпті қадағалауға 419 полиция қызметкері тартылып, қала мен аудан көлеміндегі көлік қозғалысы ерекше бақылауға алынды.
- «Республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда тәртіпті қадағалау күшейтілді. Сонымен қатар, құқық бұзушылықтарды автоматты түрде тіркейтін арнайы көліктер мен дрондар күнделікті жұмысқа жұмылдырылды», - деді полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы жол қозғалысын ұйымдастыру қадағалау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Медет Мушекенов.
Жол ережесін өрескел бұзғаны үшін 455 көлік арнайы айыптұраққа қойылды, оның ішінде 71 автокөлік шетелдік тіркеуде болған. Сонымен қатар, 359 көліктен мемлекеттік тіркеу нөмірлері алынды.
