Маңғыстауда кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы аталып өтті

Ақтау қаласында Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы және Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдығына арналған «Кәсіподақ – еңбек адамының тірегі» атты салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, кәсіподақ қозғалысының ардагерлері, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік және жеке ұйымдардың басшылары, жастар мен еңбек ұжымдарының өкілдері қатысты.
Жиында «Маңғыстау облысының Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Сәдуақас Бекгалыев өңірдегі кәсіподақ ұйымдарының қызметі мен жетістіктері туралы баяндады. Қазіргі таңда облыста 687 кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді, олардың құрамында 116 мыңнан астам мүше бар.
Жиында кәсіподақ жүйесінде ұзақ жыл еңбек етіп, сала дамуына үлес қосқан бірқатар азамат Құрмет грамотамен, облыс әкімінің Алғыс хатымен, Маңғыстау облысы мәслихатының алғыс хатымен және ҚР Кәсіподақтар федерациясының төсбелгісімен марапатталды.
Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай өз сөзінде:
– Мемлекет басшысы кәсіподақтардың әлеуметтік әріптестік жүйесіндегі орнын айқындап берді. Президент атап өткендей, еңбек – қоғамның басты құндылығы. Ал еңбек адамын қорғау, оның құқығы мен мүддесін сақтау – кәсіподақтардың негізгі міндеті. Бұл ұйымдар тек жұмысшылардың емес, тұтас қоғамның тұрақтылығы мен әділеттілігін қамтамасыз етіп отыр. Еңбек адамы – елдің тірегі. Сондықтан кәсіподақтарды қолдау – мемлекет саясатының маңызды бағыты, – деді облыс әкімі.
