Бекет атаның 275 жылдығы: Шопан ата жүлдесі үшін аламан бәйге өтті

Маңғыстау облысында Бекет атаның 275 жылдығына орай Шопан ата жүлдесі үшін 24 шақырымдық аламан бәйге ұйымдастырылды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Додаға Қарағанды, Атырау, Алматы, Жамбыл облыстарынан келген 32 жүйрік ат қатысып, шапшаңдық пен төзімділікті сынға салды.
Бұл бәйге Пір Бекет атамыздың рухына бағышталып жатқан үлкен астың аясында өткізіліп отыр. Жыл сайын аламанға қатысушылар қатары артып келеді. Бәйге ертең де жалғасатын болады, - деді ұйымдастырушы Тақырат Қалдыбаев.
Жарыс қорытындысы бойынша Алматы облысынан келген Үмбетовтер әулетінің тұлпары топ жарып, бас жүлдеге ие болды. Екінші болып Жаңаөзен қаласынан қатысқан Ермұхановтар әулетінің «Жұлдыз» атты сәйгүлігі келді. Маңғыстау облысы Ақшымырау ауылынан Телеқұсовтар әулетінің аты мәре сызығын үшінші болып кесті. Бас жүлде иесіне «Toyota Hilux» автокөлігі табысталды.
Көрермендер де бәйгеден ерекше әсер алғандарын жеткізді.
Атамыздың рухына бағышталған ас қабыл болсын. Ас аясында өтіп жатқан жүйріктердің дүбірін тыңдап, ат үстіндегі шабандоздардың қайратын көргенде, халқымыздың рухы асқақтап кеткендей болды. Тарихи сәтке куә болғанымызға қуаныштымын, - деді Ақтау қаласының тұрғыны Мейрамгүл Досыбаева.
38

Комментарии
Комментарии
Нет комментариев