«Қара алтын» өндірісінде еңбегі еленген маман

Мұнай өндірісі саласында жұмысшыларды тасымалдау қызметінің жауапкершілігі аса жоғары. Жүргізушілердің кәсіби біліктілігі мен шеберлігін бақылау, тасымал ісін ұқыпты ұйымдастыру үлкен рөл ойнайды. Сондай жауапты міндеттің үдесінен шығып жүрген жанның бірі – «Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС басқарма басшысы Жаналық Жолбасаров, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жаналық Жолбасаров еңбек жолын 1984 жылы ауыл шаруашылығы саласында жұмысшы болып бастады. 1985 жылы қазіргі «Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС-нің бұрынғы құрылымына қабылданып, жүргізуші болып жұмыс істеген. Бүгінде осы саладағы еңбек өтілі 40 жылға жуықтады.
Білім мен тәжірибені қатар ұштастырып инженер, кейін басшылық лауазымға көтерілген Жаналық Жолбасаров өз ісіне берілген, талапшыл әрі адамгершілігі жоғары маман.
Таңғы бесте тұрып, алдымен жұмысшыларды жинап аламыз. Қауіпсіз тасымал – басты міндет. Жолда бұзылған көлік болса, соны қарап, жөндейміз. Техникамен байланысты жұмыстар көп. Күнде ертеңгіге жоспар құрып, бәрін реттеп жүремін. Осы салада жүргеніме 40 жылға жуықтады. Жәй жүргізушіден бастап, инженер, кейін басшылыққа дейін жеттім. Қиын кезеңдер де кездеседі. Бірақ бірлік болса, бәрін еңсеруге болады. Тек еңбек етуден, үйренуден шаршамау керек, – деді Жаналық Жолбасаров.
Айта кетейік, еліміздегі кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығына орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шарада «Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС басқарма басшысы Жаңалық Жолбасаров Маңғыстау облысы әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
