Ақтауда түркі әлемінің тарихи мұрасы талқыланды

Ақтауда «Түркі жұртының жұрнағы» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Шараға Қазақстанмен қатар Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген ғалымдар мен сала мамандары қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Конференция Маңғыстау облысы әкімдігі мен облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Жиында археология, тарихи-мәдени мұра, реставрация және ескерткіштану салалары бойынша халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту мәселелері сөз болды.
Шара аясында ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Жәкен Таймағамбетов бастаған археологиялық топтың 2024–2025 жылдары жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижесі жарияланды.
Атап айтқанда, тас дәуіріне тиесілі археологиялық ескерткіштерді анықтау және Каспий теңізі деңгейінің тарихи өзгерістерін зерттеу бағытындағы кешенді барлау жұмыстарының қорытындысы көпшілік назарына ұсынылды.
Конференция аясында түркі дүниесінің тарихи мұрасына арналған бірқатар жаңа ғылыми еңбектердің тұсауы кесілді. Атап айтқанда, Түркі академиясының жетекшілігімен жарық көрген «Mangıstau Bölgesi Türk Tarihi Mirası: Oğuz-Kıpçak Mezarlıkları ve Damgaları» атты зерттеу еңбегінде Маңғыстау өңіріндегі оғыз-қыпшақ тайпаларының ру-таңбалары мен жерлеу рәсімдері ғылыми тұрғыда сараланған. Сондай-ақ, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының мамандары дайындаған «Алтынқазған» және «Қарақабақ» археологиялық ескерткіштері туралы жаңа басылымдар көпшілікке таныстырылды.
Конференция барысында қатысушылар түркі халықтарының тарихи-мәдени мұрасын сақтаудағы бірлескен жұмыстардың маңыздылығын атап өтті.





