Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Облыстық “Мерейлі отбасы” байқауының жеңімпаздары анықталды

|
07.10.2025 16:32
Облыстық “Мерейлі отбасы” байқауының жеңімпаздары анықталды

Бүгін, 7 қазан күні Ақтауда облыстық “Мерейлі отбасы” 2025 байқауының жеңімпазы анықталып, қатысушылар марапатталды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Іс-шараға қатысушыларды Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Асхат Оралов марапаттап, құттықтау сөзін сөйледі. 


“Құрметті қатысушылар мен қонақтар! Бүгінгі марапаттауға келген барлық қатысушыларды шын жүректен құттықтаймын. Отан – отбасынан басталады. Ұлттық құндылық, адамгершілік секілді қасиеттер де адамға ата-анасынан беріледі. Сондықтан ақ жаулықты аналарымыз, ардақты әкелеріміз аман болсын! Бүгінгі іс-шарада жеңімпаз атанатын отбасыға жарыстың республикалық кезеңіне сәттілік тілеймін! Барша қатысушының жүлдесі құтты болсын!- деді Асхат Оралов. 


Мерекелік жиынға облысымыздың түкпір-түкпірінен үздік деп танылған 14 отбасы қатысты. 11 отбасыға лауреат атағы беріліп, ақшалай сыйақы табысталды. 


Жүлделі 3-орынды Маңғыстау ауданынан келген Алтыбаевтар иемденді. Отағасы – Алтыбаев Нартай Бүркітбайұлы - Маңғыстауда Гір көтеру спортының негізін қалаушы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Гір көтеру спортынан 3 дүркін Әлем, 4 дүркін Азия, 7 дүркін Қазақстан чемпионы. Бүгінде өз ауылында жеке спорт мектебін ашып, гір спортынан шәкірт тәрбиелеп жүр. Ол жары Сандуғашпен 7 бала тәрбиелеп, оларды да спортқа баулып келеді. 


2-орынды – Мұнайлыдан келген Қисановтар жеңіп алды. Қазір олар 5 бала, 17 немере, 1 немелтай тәрбиелеп отыр. Ұлдары әке үлгісімен теміржол саласында қызмет етеді.


Ал Шолтамановтар отбасы жүлделі 1-орынға ие болды. Отанасы Айман Бердиева 11 баланы дүниеге әкелген. Балалары – мұғалім, дәрігер, медбике мамандықтарымен қатар, қаржыгер-экономист, өрт сөндіруші, слесарь, оператор, техник-технолог, дәнекерлеуші сияқты жұмысшы мамандықтарын меңгерген.


“Біздер көпбалалы отбасыда өстік. Осы байқауға қатысу идеясын Түпқараған ауданының әкімдігі айтқан еді. Ал бүгін міне аудандық байқауда жеңіске жетіп, облыстық кезеңнен де 1-орын иелендік. Біз отбасымызда – 4 қыз, 5 ұлмыз. Қазір бәріміз де ата-ана атанып, түрлі салада қызмет етіп келеміз. Ата-анамыз біздерді шыншылдыққа, өзгенің ала жібін аттамауға үйретті. Біз де өз кезегімізде балаларымызға адал болуды үйретіп келеміз”,- деді 1-орын жеңімпазы Нұрлан Шолтаманов. 


Айта кетейік, байқаудың республикалық кезеңі Астана қаласында өтеді. Бұл байқауға облыс атынан Шолтамановтар отбасы қатысады. 

135
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!