“TurkicSkills 2025” халықаралық кәсіби шеберлік чемпионатының жабылу салтанаты өтті

Түркітілдес мемлекет студенттерінің қатысуымен өткен халықаралық чемпионат бүгін өз мәресіне жетті, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Бұл доданың басты мақсаты – түркі тілдес елдер арасындағы кәсіптік білім саласындағы ынтымақтастықты нығайту, тәжірибе алмасу, жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру және кәсіби даярлау стандарттарын жақсарту.
Аталған чемпионатқа – Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Венгриядан келген 43 қатысушы өз кәсіби шеберліктерін көрсетті.
Бес күн бойы өткен дода барысында қатысушылар бизнеске арналған ІТ шешімдер, веб технологиялар, ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару операторы, графикалық дизайн, сантехника және жылыту, электромонтаждық жұмыстар, дәнекерлеу ісі, жеңіл автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, аспаз ісі, сән технологиясы сияқты құзыреттіліктер бойынша бақ сынады.
Чемпионат аясында Қазақстанның жетекші колледждері мен өңірлік шетелдік кәсіпорындар арасында ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Бұл келісімдер жас мамандарды даярлау сапасын арттыруға, дуальды оқыту жүйесін кеңейтуге және колледж түлектерін нақты өндіріс орындарына бейімдеуге бағытталған.
“TurkicSkills 2025” чемпионаты барысында өткен семинарлар мен тренингтер, инновациялық көрмелер мен мәдени шаралар қатысушыларға тек кәсіби шеберліктерін арттыруға ғана емес, жаңа технологиялар мен кәсіптік инновацияларды тәжірибеде қолдануға мүмкіндік берді.







