Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Ұстаздық – жүрек қалауы

|
06.10.2025 10:43
Ұстаздық – жүрек қалауы

Қазақ қоғамында ұстазға деген құрмет қашан да биік. Өйткені ұстаз – ұлттың рухани шамшырағы, келешекке жол сілтейтін жарық жұлдыз. Халық «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деп тегін айтпаған. Қай дәуірде де ұрпақ тәрбиесін мойнына алған жандардың мәртебесі асқақ. Сол киелі мамандықты жүрек қалауымен таңдағандардың бірі – Түпқараған ауданындағы Сайын Шапағатов атындағы жалпы білім беретін мектептің директоры, педагогика ғылымының магистрі, педагог-сарапшы Марат Амандықұлы Қаниев.


Жиырма сегіз жасында мектеп басшысы атанып, «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» жобасының жеңімпазы болған ол – тәуелсіздіктің жаңа толқынымен келген жас буын өкілі. Көп жылдық тәжірибесі болмаса да, ізденімпаздығы мен еңбекқорлығының арқасында бүгінгі білім саласына тың серпін беріп жүрген азамат ретінде танылып үлгерді. Оның өмір жолына үңілгенде, бала күнгі арман мен ұлт алдындағы борыштың қалай тоғысқанын көруге болады.

Мараттың бала қиялы ұстаз бейнесімен ұштасып өсті. Сынып жетекшісінің байсалды мінезі, пән мұғалімдерінің білігі мен мейірімі – жас жүректе ерекше із қалдырды. Сол кезден бастап ол да ұстаз болуды мақсат тұтты. «Мұғалімдікке кездейсоқ келген адам шәкірт жүрегіне жол таба алмайды» деген ойды ерте түйсінді. Шын мәнінде, бағбан өзі еккен ағаш қурап қалса, оны қайта отырғыза алады. Ал ұстаз берген білім – мәңгілік із. Егер сапасы төмен болса, шәкірттің ұрланған уақытын ешкім қайтара алмайды. Сондықтан ол ұстаздықты жүрек қалауымен таңдады.


Оның қазақ тілі мен әдебиетіне деген махаббаты жастық шағында-ақ анық байқалды. Қолына қалам алса, ең алдымен тіл туралы жазатын. Ол үшін ана тілі – аспандағы Құс жолындай шексіз, Сахара құмындай ыстық, ғұмырлық қазына. Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақыты», Мұхтар Шахановтың «Төрт анасы» оның жүрегінде мәңгілік рухани бағдаршамға айналды. Авар халқының ақыны Расул Ғамзатовтың «Егер тілім ертең құрымақ болса, мен бүгін-ақ өлуге дайынмын» деген сөзі де жастайынан бойына сіңді. Міне, осындай ұлы ұстанымдар жас жігіттің жолын айқындап, оны қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі етті.

Жастық шағында-ақ көшбасшылық қасиетімен көзге түскен Марат Қаниев Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» жобасына қатысып, барлық кезеңнен сүрінбей өтті. Министрліктің кадрлық резервіне қосылды. Соның нәтижесінде Түпқараған ауданында жаңадан ашылған 1200 орындық заманауи мектептің директоры болып тағайындалды. Бұл – зор сенім ғана емес, үлкен жауапкершілік. Ол білетінінен білмейтіні көп екенін жасырмайды. Дегенмен, «сенімге селкеу түспеуі керек» деген ой оның әрбір ісіне серпін береді.


Мектеп басшысы ретінде оның пайымынша, ең басты міндет – сапалы білім беру. «Өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай» деген халық даналығын ұстанған ол, жас маман мен тәжірибелі ұстаздың, ата-ана мен шәкірттің арасындағы алтын көпір болуға тырысады. Бір тараптың ығына жығылмай, теңдік сақтап, білім сапасын көтеруге күш салу – бүгінгі басшының басты миссиясы екенін айтады.


Өзін ұстаз ретінде бағалағанда, ол әрқашан кішіпейіл. «Білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз» деп ой түйеді. Оның өмірлік қағидасы «Менің атым Қожа» көркем фильміндегі ұлағатты ұстаз Рахманов ағайдың «Оқушы қап емес, оған не болса соны тыға салуға болмайды. Ол – шамшырақ, тек жаға білу керек» деген сөзімен үндес. Әр шәкірттің жүрегінде сәуле жағу – ұстаз үшін ең үлкен жеңіс.


Жас буынның бойына мемлекетшілдік пен отансүйгіштікті, ана тілін құрметтеуді сіңіруді басты міндет санайды. Кейде қазіргі жастардың бауырмалдық пен обал-сауапты түсінбей жататынына қынжылады. Бірақ қазақтың тамыры терең, болашақта ұлттық құндылықты биікке қоятын ұрпағы өсіп шығарына сенімі мол.

Шәкірттердің көзімен өзін кейде қатал ұстаз ретінде елестетеді. Артық талап қойып, қатаң талапшылдық танытатын сәттері де болады. Дегенмен, түрлі байқауға жетелеп, дарынын шыңдаған балалар оның жанкешті еңбегін бағалап жүр. Ата-ананың алғысы, әріптестердің жылы пікірі, шәкірттің ықыласы – қажыған шақта қанат бітіретін күш. Бір ауыз сөздің адамды биікке көтеретінін ол жүрекпен сезінеді.


Ал бос уақыт жөнінде сөз қозғалғанда, ол үшін кітап оқу, музыка тыңдау, спортпен айналысу – жай ермек емес, күнделікті өмірдің бөлшегі. «Бос уақытым жоқ» десе де, рухани байлықтан қол үзбейді. Өйткені адам өзін үздіксіз жетілдіргенде ғана нағыз жетістікке жетеді.


Жас ұстаздың өмірлік кеңесі – үздіксіз іздену. Оның ойынша, дарынның 99 пайызы да еңбекпен ұштаспаса, далада қалады. Ал аз ғана қабілетті табандылықпен дамытқан жан тау қопарады. «Ғимараттың беріктігі іргетасынан басталады. Ұстаздық жолда да алғашқы қадамда терең тамыр жайғандар ғана мықты маманға айналады» деген ұстанымымен жас әріптестерін қанаттандырып жүр.


Арманындағы мектеп туралы айта келе, ол қазіргі басқарып отырған білім ордасын мақтанышпен атайды. Заманауи кабинеттер, зертханалар, шығармашылық кеңістіктер – ауыл баласына берілген теңдессіз мүмкіндік. Әрбір шәкірттің қиялына қанат бітіретін осындай білім ордасын басқару – жас басшының басты мақтанышы.


Жастығына қарамай, ел болашағы үшін тер төгіп жүрген Марат Қаниевтің өмірлік ұстанымы – адал еңбек пен үздіксіз ізденіс. Оның жүрегіндегі білімге деген құштарлық, ұрпаққа деген жанашырлық болашақта талай шәкірттің шамшырағына айналары анық. «Ұстаз – ұлы тұлға» деген қасиетті сөздің салмағын ол күнделікті еңбегімен дәлелдеп келеді. Ұстаздық жолын таңдап, ел сенімін арқалаған жас басшының әр қадамы – болашаққа сенім сыйлайтын жарық сәуле.


156
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!