Маңғыстаудағы зауыттар еліміздің мұнай-газ өнеркәсібіне үлес қосады

Ақтауда мұнай-газ машина жасау форумы мен ірі жобалардың ашық есік күні қарсаңында Маңғыстау облысының өнеркәсіптік кәсіпорындарында баспасөз туры өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Мұнда отандық компаниялардың ірі мұнай-газ жобаларын іске асыруға қатысу үлесін арттыру бойынша жүйелі жұмыс жайы көпшілікке таныстырылды.
Аталған іс-шараға еліміздің энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек, Маңғыстау облысы әкімдігінің, Өнімді бөлу туралы келісімдер жөніндегі уәкілетті органның, Мұнай-газ машина жасауды дамыту халықаралық орталығының (IMBC), сондай-ақ ірі жобалардың операторлары — «Теңізшевройл», «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.», «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» және «Kalamkas Khazar Operating» компанияларының өкілдері арнайы қатысты.
Делегация өңірдегі бірнеше өндірістік кәсіпорынды аралап, “ATV Kazakhstan”, “Kazakhstan Pipe Threaders” және “Sewon-Vertex Heavy Industry” зауыттарының жұмысымен таныс болды.
ATV Kazakhstan компаниясы мұнай мен газ өндіру және тасымалдау жүйелерінде қолданылатын жоғары қысымды шарлы крандарды шығарады. Зауыт италиялық компаниямен бірлескен кәсіпорын болып саналады. Бұл Қазақстанда озық технологияларды енгізуге мүмкіндік бермек.
Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 1000 данаға дейін өнім шығаруға жетеді. Негізгі тапсырыс берушілер — мұнай-газ компаниялары. Қазіргі уақытта кәсіпорын инвестициялық жобаның екінші кезеңін жүзеге асыруда және API стандарты бойынша сертификаттаудан өтуде. Бұл өнімді ТМД нарығына экспорттау аясын кеңейтуге жол ашады.
Kazakhstan Pipe Threaders зауыты халықаралық стандарттарға сәйкес қаптама және компрессорлық құбырларға бұранда салумен айналысады. Өндірістік қуаты - жылына 40 000 тонна өнім. Мұнда 42 қызметкер жұмыс істеп жатыр. Барлық өнім Қазақстанның мұнай-газ саласының қажеттіліктеріне бағытталған. Негізгі тапсырыс берушілер - «Теңізшевройл» және «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг». Компания IMBC өндірушілерінің деректер базасына енгізілген, өндірістік процестері мұнайсервис индустриясының халықаралық нормалары мен стандарттарына толық сәйкес келеді.
Sewon-Vertex Heavy Industry кәсіпорны қысымға төзімді құрылғылар, жылу алмастырғыштар, резервуарлар, құбыр сөрелері мен станцияларды өндіруге маманданған. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 6 000 тоннаға дейін, ал қызметкерлер саны — 230 адам. Кәсіпорын өз өнімін Әзірбайжан мен Өзбекстанға экспорттайды.
Кәсіпорын басшылығымен өткен кездесулер барысында ағымдағы қызмет, өндірістік мүмкіндіктер, индустриялық өсудің болашағы және ұзақмерзімді әріптестікті дамыту мәселелері талқыланды.
«Бүгінде Маңғыстау облысының кәсіпорындары нақты өнеркәсіптік әлеуетін көрсетіп отыр және халықаралық стандарттар деңгейінде ірі мұнай-газ операторларымен жұмыс істеуге дайын. Министрлік мұндай жобаларды қолдауды жалғастырады, осылайша көбірек қазақстандық компаниялар саланың жеткізу тізбегінің бір бөлігіне айналуы үшін жұмыс істейміз», - деді энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек.


