Ұшақ, пойыз және теңіз көлігінің жолаушылары туралы ақпарат арнайы органдарға жіберіледі

2025 жылдың 31 тамызынан бастап тасымалдаушылар ұшақтарға, пойыздарға және теңіз көлігіне сатып алынған және броньдалған билеттер туралы мәліметтерді құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдарға беруді бастайды. Тиісті бұйрықтың жаңа редакциясына көлік министрінің міндетін атқарушы қол қойды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Kazinform.kz-тің жазуынша, құжатқа сәйкес тасымалдаушылар мынадай ақпаратты ұсынуға міндетті: тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда), туған күні, жынысы, азаматтығы, жеке басын куәландыратын құжат деректері, сапар бағыты, жүгі туралы мәлімет, төлем ақпараты, орын нөмірі, сондай-ақ жолаушы келісім берген жағдайда байланыс деректері.
Билеттерді сатуды жүзеге асыратын тасымалдаушы немесе өзге тұлға жолаушылардың дербес деректерін беруге (жинауға) және өңдеуге келісім алуын қамтамасыз етеді.
Ресми құжатта көрсетілгендей, ресми органдарға берілетін рәсімделген және (немесе) броньдалған билеттерге қатысты барлық мәлімет құқық қорғау, арнайы мемлекеттік және өзге де органдардың ақпараттық алмасу жүйесі арқылы және/немесе құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен тікелей ықпалдасу жолымен беріледі.
Ақпараттарды қабылдау-беру процесіндегі барлық уақыттық параметрлер Астана уақытымен тіркеледі.
Ақпарат алмасу кезінде туындаған проблемалық жағдайларда қатысушылар оларды жоюға шара қолдануы тиіс.
Әуе тасымалы
Мәліметтер екі рет беріледі: ұшуға 48 сағат қалғанда және рейске тіркеу аяқталған соң 30 минут ішінде. Бұл деректерді Қазақстанға ұшып келетін және елден ұшып шығатын барлық әуе компаниясы, оның ішінде шетелдік әуе тасымалдаушылары да береді. Мәліметтер пакетіне жолаушының жеке деректері, билет ақпараты, орын нөмірі, сапар бағыты, багаж және төлем тәсілі кіреді.
Теміржол тасымалы
Жолаушылар туралы мәліметтер АСУ «Экспресс» жүйесі арқылы беріледі. Оған жолаушы құжатының деректері, бағыты, орны және сатып алынған немесе броньдалған билетке қатысты ақпарат кіреді. Барлық рәсімделген және (немесе) броньдалған билет туралы деректер тәулігіне бес рет ұсынылады.
Деректерді беру уақыты:
сағат 5:00-ден 6:00-ге дейін (22:01-ден 5:00-ге дейінгі кезең бойынша бірінші түсіру);
сағат 8:00-ден 9:00-ге дейін (5:01-ден 8:00-ге дейінгі кезең бойынша екінші түсіру);
сағат 10:00-ден 11:00-ге дейін (8:01-ден 10:00-ге дейінгі кезең бойынша үшінші түсіру);
сағат 16:00-ден 17:00-ге дейін (10:01-ден 16:00-ге дейінгі кезең бойынша төртінші түсіру);
сағат 22:00-ден 23:00-ге дейін (16:01-ден 22:00-ге дейінгі кезең бойынша бесінші түсіру).
Теңіз тасымалы
Теңіз көлігінде рәсімделген немесе броньдалған билеттер туралы мәліметтер уәкілетті мемлекеттік органға немесе құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдарға тасымалдаушылар тарапынан, оның ішінде Қазақстан аумағына келетін, елден шығатын немесе транзитпен өтетін шетелдік тасымалдаушылар тарапынан да ұсынылады.
Билеттерді теңіз вокзалдарындағы кассалардан немесе жолаушының сұрауы бойынша жеткізу арқылы сатқан жағдайда деректерді тіркеу қамтамасыз етіледі.
Теңіз көлігінде рәсімделген немесе броньдалған билеттер туралы мәліметтер тасымалдаушылар тарапынан уәкілетті мемлекеттік органға немесе құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдарға кестеге сәйкес тәулігіне төрт ретке дейін беріледі.
Бұл бұйрық 2025 жылғы 31 тамыздан бастап күшіне енеді.