Маңғыстауда Қарашығанақ жобасына жергілікті кәсіпорындар тартылуда

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен Қарашығанақ жобасы шеңберінде жергілікті қамтуды арттыру, отандық тауар өндірушілерді қолдау және өңірлік бизнесті дамыту мәселелері талқыланған кеңейтілген жиын өтті. Басқосуға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин, Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг B.V. Қазақстан филиалының бас директоры Марко Марсили, мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиын алдында 20-дан астам отандық өндіруші өз өнімдерін көрмеде ұсынып, әлеуетті серіктестермен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік алды.
Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай жергілікті кәсіпорындардың өндірістік әлеуетіне тоқталып, өңірде инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалып отырғанын атап өтті.
- Маңғыстау өңіріндегі кәсіпорындардың Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг B.V. және оның мердігер ұйымдары үшін тауар жеткізу, қызмет көрсету, жұмыс орындау бағытында әлеуеті зор. Мемлекет басшысы облысқа сапары кезінде өңірдің экономикалық бағытына бірнеше нақты міндет жүктеген болатын. Сол тапсырмалар аясында біз арнайы экономикалық аймақтың аумағын кеңейтіп, инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасаудамыз. Бүгінгі кездесу кәсіпкерлердің өзара іскерлік байланыстарын нығайтып, өңірлік бизнестің дамуына тың бастамалар мен жаңа бағыттар әкеледі деп сенемін, - деді Нұрдәулет Қилыбай.
Жиын соңында облыс әкімі Мемлекет басшысының жергілікті өндірісті дамыту жөніндегі тапсырмасының маңыздылығын атап өтіп, әкімдік тарапынан барлық қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Айта кетейік, Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орны - Қазақстандағы ең ірі инвестициялық жобалардың бірі. Ол Батыс Қазақстан облысында орналасқан және ел экономикасына елеулі үлес қосып қана қоймай, отандық өндірісті дамытуға да ықпал етіп келеді.