
Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов пен Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергеновтың қатысуымен 2025–2026 жылдарға арналған күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындық мәселелері бойынша жиын өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жиында облыс аумағындағы тұрғын үй, әлеуметтік, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы нысандардың техникалық жағдайы мен жылу инфрақұрылымдарының барысы мен алда атқарылуы тиіс міндеттер талқыланды.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Қартбаев жалпы 1930 тұрғын үйді жылыту маусымына дайындық мәселесін айтты. Сонымен қатар, білім беру саласында 334 нысан, денсаулық сақтау саласында 105 нысан, ал әлеуметтік бағыттағы 117 нысан жылыту маусымына дайындалып жатқанын айтты.
Сондай-ақ, 407 қазандықтың 332-сі жылу беру кезеңіне толық әзір. Жылу желілерінің ұзындығы 29,2 шақырымды құрайды. Оның ішінде 27 шақырымы дайын. Бұл желілер Ақтау, Жаңаөзен және Мұнайлы аудандарында орналасқан. Электрмен жабдықтау бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр.
«МАЭК» ЖШС қазіргі уақытта жылыту маусымына дайындық жұмыстарын жүргізуде. Жоспарға сәйкес, кәсіпорынның негізгі энергетикалық жабдықтарына кезең-кезеңімен күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған.
МАЭК мамандарының айтуынша, барлық жөндеу жұмысы белгіленген мерзімнен кешікпей әрі сапалы атқарылып, алдағы жылыту маусымына толық қамтамасыз етеді.
Жиын соңында Ералы Тоғжанов жылыту маусымына дайындық шеңберінде атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығына тоқталып, сала басшылары мен жауапты мекемелерге нақты тапсырма жүктеді. Барлық нысанның дайындығын қатаң бақылауда ұстауды, жөндеу жұмыстарының сапасын және мерзімді орындалуын жүйелі түрде қадағалауды тапсырды.
