Дәнекерлеу жұмысының «жазушысы»

Өндіріс жұмысында дәнекерлеу деген мамандық бар. Аталған мамандықтың жіті меңгергендер темірді балқытып, бір-біріне бекітеді. Түрлі бұйым жасап, бір сөзбей айтқанда темірден түйін түйеді. Дәнекерлеу жұмысында қырық жылға жуық тәжірибеге ие маңғыстаулық Ғинаят Ізтөреұлының есімі көпшілікке етене таныс. Өз мамандығын айрықша сүйіп, темірге таңба қалдырып жүрген жерлесіміз жайлы otpannews.kz тілшісі әңгімелейді.
Кейіпкеріміз бүгінде Ақтау іргесіндегі Ақшұқыр ауылында тұрады. Өндіріс жұмысының хас шебері қарапайым ғана еңбек адамы десеңіз қателесесіз. Ол өзі жайлы «Жазушы қаламмен жазса, мен электродпен жазамын» деп әзілдейді. Шығармашылыққа жаны жақын, сөз қадірін білетін ағамыз өнер мен руханият дегенде шығарда жаны бөлек.
Қазақ ауылындағы қарапайым әулеттен шыққан әйдік дәнекерлеуші он баланың ішінде екіншісі. Үлкен ағасы Жұмабай Құлиев пен кенже інісі Есенбай Құлиевті берісі Маңғыстау өңірі, әрісі Атыраудан Алтайға дейінгі атырап жақсы таниды. Шығармашылыққа жаны жақын деп жоғарыда айттық қой. Сол сөзімізді ары қарай тарқатсақ, ел ағасы әулетімен шығармашылыққа бейім. Жазу мен ән салудан әзиз басы кенде емес. Қайбір жылы ағамыздың ғибратты ғұмыры мен өнегелі өмір жолына қызыққан «Қазақ әдебиетінің» тілшісі арнайы келіп сұхбаттасуы осы сөзімізге дәлел бола алады.
«Құрдасым Светқали Нұржанның қасында үнемі жүрген соң сөз мағынасын терең түсінеміз. Өндірісте жүрсек те шығармашылықтан алыс қалған кезіміз болған емес», - дейді дәнекерлеу жұмыстарының шебері.
Ғинаят Ізтөреұлы осыдан тура 38 жыл бұрын «ТеңізШевройлда» еңбек жолын дәнекерлеуші болып бастаған.
«1998 жылға дейін сол жерде еңбек еттім. Кейін «ҚазТранОйл», «ҚазСтройСервис» мекемесінде еңбек еттім. Жалпы, мұнай-газ саласында мен жұмыс істемеген кен орындары Маңғыстауда кемде-кем шығар. Республикалық маңызы бар Атырау-Кеңқияқ, Атасу-Алашанкоу, Бейнеу-Бозой, Алматы-Талдықорған газ құбыры желісінің 269 шақырымын жүргізу жұмысында еңбек еттім. «Үздік маман» сайыстарында талай рет жүлделі орындардан көріндім. Норвегия елінен ұсыныс түсіп, «Сіз еуро мен америкалық стандарт бойынша дәнекерлеуді білесіз. Сізді оқытып, инструктор қылсақ қалай болады?» деген ұсыныс түскенде «ҚазТранОйлдағы» жұмысымнан шығып, Маңғыстаудан 8 жігіт норвег еліне барып, үш жарым ай бойы курстық оқудық», - дейді кейіпкеріміз әңгіме үстінде.
Айтуынша, Норвегияға барғанда шақырту берген тарап маңғаз өлкеден барған қазақ жігіттерін жұмысын енді бастаған адам ретінде қабылдаса керек.
«Бәрімізде кәсібін шебер меңгерген мамандармыз ғой. Кейін біздің сұрақтарымызға мамандардың өзі жауап бере алмаған кездері болды. Олар бұған ұялмады. Саланы терең білетін келесі маманды шақырып, сұрағымызда тиісті жауабын беріп отырды. Бізді алып барған Норвегия азаматына өтінішімізді айтып, бір айдан соң аты белгілі компанияда практикадан өттік. Онда америкалық және еуростандарт бойынша тағылымнамадан өттік. Келге оралған кезімізде «Ақтау тренинг орталығы» жаңадан ашылып жатты. Соған бізді дайын нұсқаушы ретінде жұмысқа білек сыбана кіріскенбіз. 2007-2009 жылдар аралығында балалар оқытқан жоқпыз. Қарапайым дәнекерлеушіге керек нәрселерді алып, слайд жасап, бір-бірімізбен тәжірибе алмасып, електен өткізіп, содан үш стандарт бойынша оқытуға дайындалдық. 2009 жылы шетелдік компанияның сертификаты қажет болса, оны алу үшін шетелге бармай-ақ Ақтауда оқытатындай мүмкіндік алдық. Практикалық жағынан, біліктілікті тұрғысынан өткізіп, сертификатын алатын болды», - деді Ғинаят Ізтөреұлы.
Әңгіме тиегіне айналған Ақтау тренинг орталығы – бұл Қазақстан бойынша жоғары стандарт бойынша сертификат беретін мекеме саналады. Қазіргі уақытта Атырауда филиалы жұмысын жалғастырып келеді. Басшысы Мырзағали Төлепов деген азамат.
«Орталықтың директоры кезінде бізбен бірге Норвегияға бірге барған еді. Дәнекерлеу саласында бірге еңбек еттік. Кейін менің оқушым Асылбек Шөнекбаев Қытайдың Шанхай қаласында дәнекерлеу бойынша өткен әлем чемпионатында екі рет топ жарды. Қазір бізде өндірісте мұндай азаматтарды көтере бермейді. Мысалы, спортшыны жоғары деңгейде құрметтейді. Ал мұндай мамандар әлем бойынша үздік атанса да тасада қалып қоятыны қынжылтады. 550 адамның ішінен 57 елдің арасында оза шауып, 2016-2017 жылы әлем чемпионы болған маман», - дейді ағамыз әңгіме арасында.
Оның дәнекерлеу саласына бет бұруы да қызық оқиға. Кейіпкеріміз әскерден кейін аз ғана уақыт жүргізуші болып жұмыс істеп жүрген. Кейін көлік гаражында дәнекерлеуші әріптесі ауырып қалып, оның орнына адам табылмағанда оны кім алмастырған дейсіз ғой?! Жүргізуші - Ғинаят Ізтөреұлы.
«Осылайша дәнекерлеу жұмысын үйрене бастадым. Темірді балқытып, қып-қызыл болып жанғаны мені қызықтыра бастады. Содан кейін жұмысымды дамыта жүріп, «ТеңізШевройлға» қабылдандым. Үш ай ішінде құбырларды дәнекерлеу бойынша біліктілігімді шыңдай түстім. Үйрену үшін демалысқа шықпай жүріп жұмыс істеген кездерім болды. Түрік, венгр, чех, канадалықтар дәнекерлеу жұмыстарын жүргізіп жатады. Соларға қызыға қарап отырып, тура тоқсан күннің ішінде жоғары деңгейде дәнекерлеу жұмыстарын үйреніп алдым. Дәнекерлеу деген жазу секілді. Солардың қолтаңбасын үйрену оңай болмады», - деп еске алады сала ардагері.
Мына қызықты қараңыз! Әуелде шетелдік шеберлердің жұмысына телмірген Ғинаят Ізтөреұлы хас дәнекерлеушіге айналғанда жағдай керісінші сипат алған.
«Мен бастапқыда қызыққан басқа елдің дәнекерлеушілер кейін менен үйрене бастады. Себебі, мен үйренгенде олардың тек жақсы жұмыстарын меңгеруге барымды салдым. Барлық жиналған тәжірибем өз жемісін берді. Сол кезде еуропалықтар, алыстағы Америка құрлығынан келген дәнекерлеушілер менің жұмысыма таңдай қақты. Үйренуге ниетті болды», - дейді ағамыз өткен күндерге көз жүгіртіп отырып.
Ақтаудағы Ақтау тренинг орталығында табаны күректей бес жыл бойы жұмыс істеп, жастарды баулып, біліктілігінін арттыруға келгендерді шыңдай жүріп табысқа жеткен дәнекерлеушіміз кейін алыс аймақтардағы шақыртулардан бас тартпады.
«2012 жылы мені Алматыға шақырып, газ құбыры желісін тарту жұмысына қатыстым. Бас дәнекерлеуші ретінде жұмыс тобын басқарып, қолға алған істі толық игеріп шықтық. Одан кейін Бейнеу-Бозой, Петропавлдағы Омбы-Қорған газ желісінің 190 шақырымын дәнекерлеу жұмысына жетекшілік еттім. Оның да екі жылда абыроймен атқарып, пайдалануға табыстадық. Жасым елуді еңсеріп, алпысқа бет алғанда балаларымның ұсынысын ескеріп, Ш.Есенов колледжінде оқытушы болып жұмыс істедім. Қазіргі уақытта Ақтаудағы Энергетика колледжінде сабақ беремін. Болашақта жас маманды дайындап, байқауларға қатыстырсам деймін. Барлық білімімді балаларға үйрету алдағы мақсатыма айналды», - дейді Ғинаят Ізтөреұлы.
Бүгінде үш бала тәрбиелеп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған дәнекерлеу жұмыстарының майталманы қолы қалт етсе, газет оқиды. Кітап оқудан да алыс емес. Сөзі түзудің әңгімесін тыңдай да біледі. Ал шеберліктің шыңына жеткізген дәнекерлеу мамандығы Ғинаят Ізтөреұлының табиғи дарыны іспетті.
Биыл елімізде мемлекет басшысының назар аударуымен жұмыс мамандықтарға айрықша көңіл бөлініп отырғаны белгілі. Түрлі саланың кейіпкерлерін іздей жүріп, қырық жылға тамақ бір салада жемісті еңбек етіп келе жатқан маңғыстаулық ел ағасының әңгімесін тамсана тыңдап, қимай қоштастық.