Сайөтес ауылының 60 жылдық мерейтойы кең көлемде тойланып жатыр

Сайөтес ауылының 60 жылдық мерекесі ауылда жаңа стелланың ашылуымен басталды, деп хабарлайды otpannews.kz Маңғыстау ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мұнда Сайөтес жұрты мен қонақтар туған жердің жүрегін бейнелейтін «Сайөтес – сырлы мекенім» стелласының ашылу сәтіне куә болды.
Жаңа стелланың лентасын ауыл үлкендері Мамай Байғалиев пен Қонысбай Нәдіров қиды, олар стелла әрбір жасқа туған жерін құрметтеуге, бірлікті сақтауға шақыратын рухани шамшырақ болсын деген тілегін жеткізді.
Шараға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Асқар Аққұлов: «60 жыл аз уақыт емес, бұл кезеңде ауыл топырағынан талай түлек түледі, өсіп-өнді, еңбек майданында елге қызмет етті. Бүгінгі күн – сол ұрпақтың ата-баба аманатына адалдықтың, туған жерге деген сүйіспеншіліктің белгісі», - деді.
Сайөтес ауылының 60 жылдық мерейтойы аясындағы мерекелік шаралар «Қырдағы білім ұясы – Асқар асу қиясында» атты конференциямен жалғасты. Конференция Өтес мектебінің алты онжылдық тарихына, білім саласындағы жетістіктері мен ауыл дамуына қосқан үлесіне арналды.
Конференцияға жергілікті атқарушы билік өкілдері, ардагер ұстаздар, ауыл азаматтары мен түлектер қатысты. Олар өткенге көз жүгіртіп, Сайөтестің рухани, мәдени және білім саласындағы маңызын атап өтті. Сондай-ақ мектеп тарихынан сыр шертетін маңызды деректерді бөлісіп, ұрпақ сабақтастығы, ауылдың әлеуметтік-мәдени өміріндегі білім ордасының рөлі жайлы ой қозғады.
Шара аясында «Өркені өскен Өтесім» атты кітаптың тұсауы кесілді. Кітапта ауылдың құрылу тарихы, өсіп-өркендеу кезеңдері, ауылдан шыққан азаматтардың елге сіңірген еңбегі жан-жақты жазылған. Естелік суреттер мен дерекке бай бұл жинақ – кейінгі ұрпаққа тағылымды мұра болмақ.
Кітаптың тұсаукесеріне қатысқан жұртшылық: «Кітап мазмұны ауыл шежіресін жаңғыртып, жас ұрпаққа рухани тәрбие мен өнеге боларлық дүние», - екенін айтып өтті.
Ауылдың 60 жылдық мерейтойы «Өнерлі өңір - Өтесім» атты концертпен жалғасып жатыр. Мұнда аудан өнерпаздары өнерлерін ортаға салып, туған жерге сүйіспеншілігін жеткізді.
Шараға қатысқан аудан әкімі Ғалымжан Ниязов тұрғындарды мерекемен құттықтап, ауылдың одан әрі гүлдене беруін тіледі.
- Бүгін біз қасиетті Үстірттің баурайында орналасқан Сайөтес ауылымыздың 60 жылдық мерейтойын қуанышпен атап өтіп отырмыз. Төрт құбылаға аты мәлім, аңызға арқау болған Үстірт — ата-бабалардың құтты мекені, ұрпаққа аманат еткен қасиетті жер. Осы киелі Үстірттің төсінде орналасқан Сисем ата қорымы — халқымыздың рухани темірқазығы. Бұл қасиетті орын тек Маңғыстау жұрты үшін емес, барша Алаш баласына қастерлі. Ел қорғаған батырлар мен сөз ұстаған би-шешендердің мәңгілік мекеніне айналған Сисем ата — Сайөтестің де рухани тірегі, қасиет бастауы. Осыдан 60 жылдай бұрын тың жерге түрен салынып Мақат пен Маңғышлақты жалғайтын шойын жол тартылды. Сол қарқында қырдың үстінде орын тепкен Сайөтес станциясы - бүгінде тоқсан түрлі табиғатпен таласа түлеген, еңбекпен өркендеген елді мекенге айналды. Жарты ғасырдан астам уақытта Сайөтес тұрғындары талай белестерді бағындырды. Өлке өндірісіне үлес қосқан мамандардың, еңбек адамдарының, ғылым мен білімге жол ашқан ұрпақтың мекеніне айналды. Бұл мерекенің мәні тек той тойлау емес, ауылдың ажарын ашар игі істер - жаңарған, жаңадан бой көтерген нысандар, жарықтанып көркейген көшелер, төселген жолдар, салынған жаңа құрылыстармен айшықты. Сайөтес ауылының 60 жылдық мерейтойы құтты болсын. Ауылымыз көркейе берсін, ұрпақ аман, ел іргесі берік болсын, - деді Ғалымжан Ниязов.
Айта кетейік, Сайөтес ауылының 60 жылдық мерейтойы 23, 24 тамыз күндері кең көлемде тойланып жатыр. Бүгінгі шара қазақ күресі, гір тасын көтеру, қой көтеру сияқты спорттық ойындармен, қолөнер, тамақ өнімдерінің жәрмеңкесімен жалғасады. Сондай-ақ мерекелік концерт, бәйге, қонақ асы ұйымдастырылады. Шара кешкі сағат 9-да гала концертпен, сағат 11-де отшашумен қорытындыланады.
24 тамыз күні аламан бәйге өтіп, Маңғыстау ауданы өнерпаздарының концерттік бағдарламасын көре аласыз.