Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Осы аптада Маңғыстауда жергілікті атқарушы органдар не тындырды?

Ақмарал Берекет
|
22.08.2025 21:11
Осы аптада Маңғыстауда жергілікті атқарушы органдар не тындырды?

Бұл аптада Маңғыстау өңірінде білім, денсаулық, мәдениет және жастар саясаты бағытында бірқатар жұмыс атқарылды. Otpannews.kz сайтының тілшісі кейбір басқарманың әлеуметтік желідегі парақшаларына шолу жасады.


Маңғыстау облысының білім басқармасы


20 тамызда облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай жұмыс сапарымен Бейнеу ауданына барып, әлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылысымен танысты. Облыс басшысы 600 орындық «Келешек мектебінің» құрылыс алаңында болып, жаңа оқу жылында пайдалануға берілетін білім ошағының дайындық деңгейін көрді. Мектеп STEM-зертханаларымен, лингафонды кабинетпен, спорт және акт залдарымен, робототехника кабинетімен, инклюзив және логопед бөлмелерімен толық жабдықталған.


Осыған қоса білім басқармасының басшысы Амантай Қумбаев Бейнеу ауданындағы Сам және Тұрыш ауылдарындағы апатты мектептердің жағдайымен танысып, олардың орнына жаңа нысандар салу мәселесін пысықтады. Құрылыс жұмыстарының сапалы әрі уақтылы жүзеге асуы тұрақты бақылауда болатынын атап өтті.


Айта кетейік, 1 қыркүйектен бастап еліміздің барлық білім беру ұйымы жеке қауіпсіздік сабақтары қайта жүргізіледі. Бұл бастама балалардың түрлі өмірлік жағдайларда дұрыс әрекет етуін үйретуге бағытталған.


Денсаулық сақтау басқармасы


Бейнеу ауданында ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылды. Заманауи жабдықтармен қамтылған орталықта жылына 600-ге дейін бала оңалтудан өтеді. Мұнда орталық жүйке жүйесі зақымданған, сал ауруына шалдыққан, бұлшық ет дистрофиясы немесе даун синдромы бар балаларға медициналық көмек көрсетіледі.


Сонымен қатар Маңғыстау облыстық ауруханасында сирек кездесетін гемифациалды спазм диагнозы бар науқасқа ота сәтті жасалды. Бұл өңірде осындай деңгейдегі нейрохирургиялық операциялардың алғашқыларының бірі болды.


Бұған қоса жаңа оқу жылынан бастап мектеп асханаларында оқушыларды тамақтандырудың жаңа стандарты енгізілмек. Енді балаларға тұзы аз, қант мөлшері шектеулі, көкөніс пен жемісі мол тағам ұсынылады. Ал зиянды сусындардың орнына сүт, айран, жеміс шайы сияқты пайдалы өнімдер беріледі.


Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы


Ақтауда ҚР халық әртісі, дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілі Айгүл Қосанованың «Елге сәлем» атты шығармашылық концерті өтті. Теңіз жағалауындағы амфитеатрға жиналған 10 мыңға жуық көрермен халық әртісінің сүйікті әндерін тыңдап, ерекше кештің куәсі болды. Концертке қазақстандық белгілі өнерпаздар да қатысты.


Сонымен қатар мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы өңір кәсіпкерлеріне көрнекі ақпараттың мемлекеттік тілде дұрыс жазылуын түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. Апта ішінде 22 нысанға әдістемелік көмек көрсетіліп, 3 кәсіпкерге ескерту берілді.


Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма


Жастар саясаты басқармасы «Есірткісіз Маңғыстау», «Сауатты бол», «Маңғыстау жастары» және «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобаларын жүзеге асыруда. Биылдың өзінде 50 жас «Маңғыстау жастары» бағдарламасы аясында баспаналы болмақ. Сондай-ақ үздік стартап иелеріне 2 млн теңгеден грант беріліп, IT саласында білім алуға мүмкіндік жасалады.


Жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін жыл соңына дейін арнайы мобильді қосымша іске қосылады. Ал күзде халықаралық «Aktau Youth Forum» форумын өткізу жоспарланып отыр.


Кәсіпкерлік және сауда басқармасы


20 тамызда Шетпе ауылында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтіп, жергілікті тұрғындарға ет, сүт, көкөніс өнімдері төмен бағамен ұсынылды. Жәрмеңке ауыл шаруашылығы өнімдерін қолжетімді етуге және жергілікті шаруаларды қолдауға бағытталған.


Осы аптада Маңғыстау облысында жүзеге асқан жұмыстар өңірдің әлеуметтік және экономикалық дамуын жаңа деңгейге көтеруге бағытталды. Жаңа мектептердің, оңалту орталығының ашылуы, жастарды қолдау жобалары, мәдени шаралар мен азық-түлік жәрмеңкесі – барлығы халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және өңірдің тұрақты дамуына ықпал етпек.

Untitled Tag
160
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!