Ақтауда полицейлерді балағаттаған жасөспірімнің ата-анасы жауапқа тартылды

Ақтауда мемлекеттік нөмірсіз мотоцикл тізгіндеген кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталды, деп хабарлайды otpannews.kz облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Әлеуметтік желілерде тараған видео 21 тамызда түсірілген. Онда патрульдік полиция қызметкерлері жасөспірім басқарған нөмірсіз мотоциклді тоқтатады. Тексеру кезінде ол полицейлерге балағат сөздер айтып, қорлағаны анықталды.
«Жасөспірімге мұндай әрекеттің құқықтық салдары бірнеше рет түсіндірілді. Алайда ол ескертулерге құлақ аспай, заңға қайшы әрекеттерін жалғастырды. Қазіргі таңда кәмелетке толмаған азаматқа билік өкілін қорлағаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Ал оны дұрыс тәрбиелемегені үшін ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – делінген өңірлік ПД хабарламасында.
Тәркіленген мотоцикл айыппұл тұрағына қойылды. Ал жасөспірім ата-анасымен бірге әрі қарайғы процессуалдық шараларды жүргізу үшін Ақтау қалалық полиция басқармасына жеткізілді.
Полиция департаменті заңға және оның өкілдеріне құрметпен қарау әрбір азаматтың міндеті екенін ескертеді. Мұндай әрекеттердің қайталануына жол берілмейтіні және кінәлілердің заң аясында жауапқа тартылатыны атап өтілді.