Кендірлідегі су тұшыту зауытының алғашқы желісі іске қосылды

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов және мұнай-газ саласының ардагерлері Кендірлі теңіз жағалауындағы Тоқмақ мүйісінде орналасқан су тұшыту зауытының жұмысымен танысып, тұшытылған теңіз суының дәмін татып көрді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Маңғыстау облысы әкімдігінің хабарлауынша, қазір тәулігіне 12 500 текше метр су өндіретін алғашқы желі сәтті іске қосылды. Зертханалық талдау нәтижелері бойынша судың сапасы санитарлық-гигиеналық талаптарға сай. Көпсатылы тазартудан және тұшытудан өткен су Жаңаөзен қаласының орталық су тарату торабына ұзындығы 100,7 шақырымды құрайтын жаңа магистралды құбыр арқылы жеткізілді.
Қуаты тәулігіне 50 мың текше метр болатын жаңа зауыт биыл қазан айының соңына дейін толық өндірістік қуатына көшіп, Жаңаөзен қаласының тұрғындарын тұрақты түрде ауыз сумен қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, аталған нысан «Астрахань-Маңғышлақ» магистральды су құбырына түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді және жалпы өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға елеулі ықпал етеді.
Айта кетейік, бұл стратегиялық маңызы зор ірі жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асып жатыр.
Жоба толық іске қосылғанда 91 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік болады. Құрылыс кезеңінде мұнда 650-ге жуық адам жұмыс істеді.