Маңғыстауда мектеп оқушыларына қолдау көрсету акциясы өтті

Маңғыстау облысында «Алтын күз» мерекелік шарасы аясында «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылды. Іс-шарада 100-ге жуық баланың ата-анасына мектеп құралдарын сатып алуға арналған ақшалай сертификат табысталды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Акцияға «Жомарт жан» орталығы, этномәдени бірлестіктер мен Аналар кеңесінің мүшелері қолдау көрсетті. «Алтын күз» мерекесінің негізгі мақсаты – диқандардың еңбегін дәріптеу және егіннің молшылығын халыққа бөлісу. Осы ретте шараны ұйымдастырған қырғыз этномәдени бірлестігі келген қонақтарға сый-құрмет көрсетіп, қауын-қарбыздан дәм татқызды.
Облыстық ҚХА ақсақалдар кеңесі мен қырғыз этномәдени бірлестігінің мүшесі Құрбанәлі Газибековтың айтуынша, шарада балаларға бау-бақшада өсірілген өнімдер таныстырылды. Сондай-ақ мерекенің басты қонақтары оқушылар мен олардың ата-аналары болды. Ол іс-шараға демеушілік көрсеткен кәсіпкерлерге алғысын білдіріп, олардың оқушыларға жаңа оқу жылында сәттілік тілегенін атап өтті.
Ата-аналар көрсетілген қолдауға ризашылықтарын білдіріп, ұйымдастырушыларға алғыстарын айтты. Бұған дейін дәл осындай шара Жаңаөзен қаласында өткізіліп, тұрғындар диқандардың өнімінен дәм татқан болатын.