Ұлттық құрылтай: Уайс Ерсайынұлы Форт-Шевченко мен Баутиноның тарихи атауын қайтаруды сұрады
Ұлттық құрылтайдың секция отырысында Уайс Ерсайынұлы маңғыстаулық тұрғындардың талаптарын жеткізіп, Форт-Шевченко қаласын Ақкетік, ал Баутино ауылын Балықшы етіп өзгерту жөнінде бастама көтерді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Оның сөзінше, барлық ономастикалық құжаттар дайындалып, этнология институтынан тиісті тарихи-археологиялық қорытындылар алынған. Қазір бұл мәселе республикалық ономастикалық комиссия қарауында тұр.
- Форт-Шефченко қаласының атауы 1939 жылы Тарас Шевченконың құрметіне қойылған. Қазіргі уақытта тұрғындар мұны тарихи атауы Ақкетік етіп өзгертуді сұрап отыр. Сонымен қатар, Форт-Шевченконың маңындағы Баутино ауылы да өзінің тарихи атауын қайтару мәселесін көтеріп келеді. Тұрғындар ауылдың бұрынғы атауы Балықшыға қайтаруды сұрайды. Аудандық мәслихат пен әкімдік өз келісімін бергенімен, қазіргі уақытта шешім белгілі себептерге байланысты кідіріп отыр. Осы мәселелерді Мәдениет министрлігіне, республикалық ономастикалық комиссияға және Президент әкімшілігіне жеткізгім келеді», - деді Ұлттық құрылтайдағы сөзінде Уайс Ерсайынұлы.