Маңғыстау облысында қызылша ауруы өршіп тұр: Көрсеткіш 1,5 есеге өскен
Маңғыстау облысында қызылшаға қатысты эпидемиологиялық жағдай күрделене түсті. Жыл басынан бері аурушаңдық көрсеткіші өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 есеге өсіп, әсіресе балалар арасында қауіп жоғарылап отыр, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Санитариялық эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сай, 2026 жылдың 22 қаңтарына дейінгі мәлімет бойынша, өңірде қызылшаның 55 күдікті жағдайы тіркеліп, оның 34-і зертханалық деңгейде нақтыланған. Ең алаңдатарлығы – науқастардың 88,2%-ы (30 бала) 14 жасқа дейінгі бүлдіршіндер.
Аймақтық бөліністе Ақтау қаласы мен Түпқараған ауданында жағдай қиын. Ақтаудағы аурушаңдық көрсеткіші облыстық орташа деңгейден 2,1 есеге жоғарылап отыр. Мамандардың айтуынша, дертке шалдыққандардың басым бөлігі, яғни 85,3%-ы – уақытылы екпе алмағандар.
“Қызылша – жай ғана бөртпе емес. Бұл – дене қызуының көтерілуі, жөтел мен конъюнктивитпен басталып, арты ауыр асқынуларға әкелетін вирустық ауру”,- деді Маңғыстау облысының санитариялық эпидемиологиялық бақылау департаментінің инфекциялық және паразитарлық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Гүлшат Шорбасова.
Қызылша ауруының асқынуы өкпенің қабынуы(пневмония), мидың қабынуы(энцефалит) және бронхитке әкеледі. Медициналық көмекке кеш жүгіну өлім қаупін тудыруы да мүмкін.
Қызылшаны емдейтін арнайы дәрі жоқ, тек симптомдарын жеңілдетуге болады. Оның алдын алу жолы – вакцинация ғана.
Эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін 2026 жылдың 5 қаңтарынан бастап облыста қосымша вакцинация науқаны басталды. Енді 6 айдан бастап 10 ай 29 күнге дейінгі сәбилерге, сондай-ақ 18 жасқа дейінгі егілмеген балаларға қызылшаға қарсы (ҚҚП) екпе салу жүргізіліп жатыр.
“Балаңыздың егу паспортын тексеріп, вакцинасы жоқ болса, емханаға жүгініңіз. Егілмеген балаларды адам көп жиналатын жерлерге, ойын-сауық орталықтарына апарудан уақытша бас тартыңыз. Ал дене қызуы көтеріліп, бөртпе шыға бастаса, өз бетіңізше емделмей, бірден дәрігер шақырыңыз”,- дейді мамандар.
Еске салайық, вакцинация – балаңызды мүгедектік пен өлімнен қорғайтын жалғыз сенімді әдіс.