Otpan News Logo

Ақтауда төрт күнде 600-ден астам жол ережесін бұзу дерегі анықталды

|
17.01.2026 18:59
Ақтауда төрт күнде 600-ден астам жол ережесін бұзу дерегі анықталды
Ашық дереккөзден

Соңғы төрт күн ішінде Ақтауда жол қозғалысы ережелерін бұзудың 600-ден астам дерегі тіркелді. Анықталған заңбұзушылықтардың қатарында мас күйінде көлік басқару және қауіпсіздік белдігін тақпау фактілері бар. Сондай-ақ жас жүргізушілер тарапынан жол ережелерін өрескел бұзу жағдайлары жиіледі, деп хабарлайды otpannews.kz.


Түнгі рейд барысында жол қозғалысы ережесін бұзған бірнеше автокөлік анықталды. Оның ішінде жүргізуші куәлігі жоқ азаматтың көлік басқарғаны да тіркелді. Полиция қызметкерлері аталған дерек бойынша әкімшілік хаттама толтырып, автокөлік айыппұл тұрағына қойылды.


– Түнгі кезекшілік кезінде 9 шағынаудандағы «Ардагер» сауда орталығының қарсы бетінде «Лада» маркалы автокөлік тоқтатылды. Құжаттарды тексеру барысында жүргізушінің көлік басқару құқығы жоқ екені, жүргізуші куәлігінің болмағаны анықталды. Осыған байланысты оған Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 612-бабының 2-бөлігі бойынша хаттама толтырылып, автокөлік айыппұл тұрағына жеткізілді, – деді патрульдік полиция батальоны взводының командирі Ануар Орысбаев.


Сондай-ақ соңғы төрт күнде Ақтауда мас күйінде көлік басқарудың бес дерегі анықталған. Бұдан бөлек, жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздік белдігін тақпауына байланысты 60-тан астам жағдай тіркелді. 


Айта кетейік, қалада жас жүргізушілердің қатысуымен жол-көлік оқиғаларының саны артып отыр, оның ішінде жаяу жүргіншілер өткелінде жаяу жүргіншілерді қағу деректері де бар.

108
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!