Маңғыстауда пластик қалдықтары игі іске жарап жатыр
Маңғыстауда пластик қалдықтарын қайта өңдеу арқылы балаларға көмек көрсететін «Мейірім қақпақшалары» қайырымдылық-экологиялық акциясы бірнеше жылдан бері жүзеге асып келеді. Бастама қоршаған ортаны қорғаумен қатар, әлеуметтік жауапкершілікті арттыруды көздейді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Жоба аясында көп жағдайда қоқыс полигонына тасталатын пластик бөтелке қақпақшалары жиналып, қайта өңдеуге жіберіледі. Ал одан түскен қаражат емге мұқтаж балаларды қолдауға беріледі. Акцияны экологиялық компания ұйымдастырып келеді және ол жыл сайын нақты нәтижесін көрсетіп жатыр.
Бастама авторы Ирина Татиеваның айтуынша, бұл идея 2022 жылы әлеуметтік желіде көпбалалы ананың көмек сұраған жазбасын көргеннен кейін туған.
Пластик — бұл қоқыс емес, қайта өңделетін шикізат. Ең бастысы, оны дұрыс пайдалану. Осы жылғы акция аясында шамамен 1,5 тонна пластик қақпақша жиналып, балалардың еміне 250 мың теңге жіберілді. Бұл — экология мен қоғам үшін бірдей маңызды нәтиже, - деді Ирина Татиева.
Акцияға білім беру ұйымдары да белсенді атсалысып жатыр. Соның бірі — Қарақия ауданының №4 мектебі. Мұнда оқушылар мен ұстаздар екі жылға жуық уақыттан бері макулатура мен пластик қалдықтарын жинап, қайырымдылық іске үлес қосып келеді.
Мектеп ұжымы бұл бастаманы тек көмек көрсету құралы ғана емес, балаларды жауапкершілікке, жанашырлыққа тәрбиелеудің тиімді жолы деп есептейді.
Жақсылық жасау үшін үлкен қаражаттың қажеті жоқ. Маңыздысы — ниет. Біз балаларға кішкентай істердің өзі үлкен нәтижеге жеткізетінін түсіндіруге тырысамыз. Қайырымдылық риясыз болуы керек, - дейді №4 мектептің еңбек пәні мұғалімі Алия Жарылғаева.
Сонымен қатар жоба аясында экологиялық сауаттылықты арттыратын ағартушылық шаралар да ұйымдастырылады. Балалар үшін танымдық экскурсиялар, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауға арналған практикалық сабақтар өткізіледі. Мұндай іс-шараларға ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар да қатысады. Бұдан бөлек, тұрақты түрде сенбіліктер ұйымдастырылып келеді.