Otpan News Logo

Ақтауда бүйрек тасын алудың жаңа әдісі енгізілді

|
23.01.2026 11:12
Ақтауда бүйрек тасын алудың жаңа әдісі енгізілді

Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында өңір урологиясының жаңа дәуіріне бастайтын ретроградты интраренальды хирургия (RIRS) бойынша шеберлік сағаты өтті, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Аурухананың баспасөз қызметінің мәліметіне сай, өңір дәрігерлері алғаш рет заманауи MacroLux аппаратының көмегімен күрделі оталарды сәтті жасап шықты.


Бұл әдістің басты ерекшелігі — аз инвазивтілігінде. Яғни, науқастың денесіне ешқандай тілік жасалмайды. Операция барысында қолданылған соңғы буындағы MacroLux флексиблді уретерореноскопы өте жұқа әрі икемді. Бұл құрылғы бүйректің ең қиын нүктелеріне дейін жетіп, тастарды дәлдікпен жоюға мүмкіндік береді.


Жаңа әдістің артықшылығы – жоғары дәлдігінде. Аппарат жоғары сапалы бейне арқылы хирургтың жұмысын жеңілдетеді. Сондай-ақ науқас ағзасына түсетін жүктеме мен асқыну қаупі де төмен. Нәтижесінде пациент те отадан соң тез арада қатарға қосылады. 


Шеберлік сағатына Қарағанды медициналық университетінің профессоры Серик Жунусов арнайы шақырылды. Жергілікті мамандар — Мұрат Бекхожин, Арман Набитурдыев бастаған дәрігерлер тобы және жекеменшік клиника өкілдері тәжірибе алмасты.


Айта кетейік, MacroLux аппаратымен урологиялық операциялар Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында алғаш рет жасалып отыр. Әрбір ота орта есеппен 1 сағатқа созылды. Алдағы уақытта 7 науқасқа міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде тегін операция жасау жоспарланған.


Дәрігерлер мұнымен тоқтап қалмайды. Келесі кезеңде онкоурология бағыты бойынша шеберлік сағаты жоспарланған. Онда қатерлі ісік ауруларын емдеудің заманауи хирургиялық тәсілдері таныстырылады.

Мұндай шаралар Маңғыстау өңіріндегі медицина сапасын жаңа деңгейге көтеріп, тұрғындардың алысқа бармай-ақ өз аймағында сапалы ем алуына жол ашады.

101
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!