Otpan News Logo

Нұрдәулет Қилыбай Сайөтес ауылына барды

|
23.01.2026 09:42
Нұрдәулет Қилыбай Сайөтес ауылына барды

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жұмыс сапарымен Маңғыстау ауданына барып, Сайөтес ауылында жүзеге асып жатқан және пайдалануға берілген бірқатар маңызды нысанның жұмысымен танысты, деп хабарлайды otpannews.kz.


Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аймақ басшысы алдымен Сайөтес ауылында салынуы жоспарланған кэмпинг жобасымен танысты. Жоба автожанармай құю станциясы, қонақүй, қоғамдық тамақтану орны, автотұрақ және сервистік қызметтерді қамтитын кешен ретінде қарастырылған. Нысан жол бойындағы қызмет сапасын арттырып, ауданның туристік және экономикалық әлеуетін дамытуға бағытталған.



Сапарда облыс әкімі өткен жылы пайдалануға берілген Сайөтес ауылдық мәдениет үйінің жұмысын көрді. Құны 691 миллион теңгені құрайтын мәдениет үйі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынды. 200 орындық концерт залы бар жаңа ғимаратта түрлі үйірмелерге арналған зал, вокал, би, домбыра, қолөнер сыныптары, жарық және дыбыс студиялары, кітапхана, сондай-ақ мамандарға арналған кабинеттер қарастырылған. Мәдениет үйі ауыл тұрғындарының шығармашылық әлеуетін дамытуға және жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік беріп отыр.


Сонымен қатар өңір басшысы Сайөтес ауылында жаңадан ашылған өрт сөндіру бекетінің жұмысымен танысты. Нысан ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы аясында іске асқан. Аудан орталығы Шетпеден 126 шақырым қашықтықта орналасқан, 2 мыңнан астам тұрғыны бар ауылда ашылған бекет өрт кезінде және төтенше жағдайларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Бекет заманауи өрт техникасымен және қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтылған, мұнда арнайы дайындықтан өткен құтқарушылар тәулік бойы қызмет атқарады.



Нұрдәулет Қилыбай шалғай елді мекендердегі әлеуметтік және қауіпсіздік нысандарының маңызын атап өтіп, құрылысы басталып жатқан объектілерге қажетті инфрақұрылымды тарту жұмыстарын жеделдетуді, сондай-ақ барлық жұмыстардың белгіленген мерзімде әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

51
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!