Ақтауда “Batys Robotics and Drone Championship” өтуде
Ақтау қаласы бірнеше күн бойы инженерлік және технологиялық идеялардың орталығына айналмақ. Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен келген мыңға жуық жас инженердің басын қосқан Batys Robotics and Drone Championship чемпионаты өтуде. Бір алаңда робототехниканы ойын емес, болашақтың тілі деп қабылдайтын жас бағдарламашылар, құрастырушылар мен зерттеушілер бас қосты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Биылғы маусымда қатысушылар археология және жер қойнауындағы қазба байлықтар тақырыбында жұмыс істеуде. STEM-тәсілдерді қолдана отырып, олар өз жобаларын жасап, нақты ғылыми міндеттерге жақын тапсырмаларды орындай алатын роботтарды бағдарламалайды. Әр команда заманауи технологиялардың тарихи мұраны зерттеу мен сақтауға қалай көмектесе алатыны жөнінде өз көзқарасын ұсынуда.
Чемпионатта тек техникалық дағдыларға ғана емес, сонымен қатар командада жұмыс істеу, шешім қабылдау және стандарттан тыс ойлау қабілеттеріне де ерекше мән берілген. Байқауды өңірдің білім беру саласының өкілдері қолдап, мұндай бастамалар цифрлық дәуірдің сын-қатерлеріне дайын ұрпақ қалыптастыратынын атап өтті.
– Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында мұндай жобалардың маңызы ерекше,– деді «Каспий дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы директорының орынбасары Назира Телбаева.
Есте қаларлық жобалардың бірі – ақтаулық команданың жұмысы болды. Команда музей экспонаттарына арналған қорғаныш капсуласы бар интерактивті шыны конструкцияны таныстырды. Құрылғы ультракүлгін сәуледен қорғайтын арнайы жабынмен қапталған әйнекпен жабдықталған, бұл жарықтың зиянды әсерін азайтып, жәдігерлердің сақталуына көмектеседі.
Айта кетейік, команданың мұндай чемпионаттардағы алғашқы қатысуы емес. Сондықтан осыған дейін жинақталған тәжірибе өз жобаларын жетілдіруге, функцияларын арттыруға және барынша ойластырылған, пісіп-жетілген шешім ұсынуға мүмкіндік береді.
– Витринаның ішінде сақтау жағдайын бақылайтын датчиктер жүйесі орнатылған. Температура көтерілген жағдайда желдету автоматты түрде іске қосылып, экспонат үшін қауіпсіз орта қалыптастырады. Сондай-ақ конструкцияда келушілердің жақындауын анықтайтын датчик бар: адам витринаға жақындап, біраз уақыт тұрған кезде экспонат туралы аудиобаяндау қосылады. Мұндай шешім тарихи құндылықты сақтауға мүмкіндік береді, – деді Ақтау білім-инновация лицейінің оқушысы Сезгин Тимучин.