Ақтауда сотталған азаматтарға кешенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді
Ақтауда ҚР Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің №77 республикалық мекемесінде сотталған әйелдер мен ерлерге арналған кешенді ақпараттық-түсіндіру іс-шарасы өткізілді, деп хабарлайды otpannews.kz.
Аталған шара жазасын өтеп жатқан азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың психологиялық жағдайын тұрақтандыру, қоғамға қайта бейімделуіне қолдау көрсету, сондай-ақ адамгершілік және отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған.
Іс-шара барысында «Бала жолы» қоғамдық қорының директоры Айсұлу Қабышқызы сотталған әйелдер мен ерлерге заңнама талаптары, әлеуметтік қолдау тетіктері, босатылғаннан кейінгі бейімделу жолдары туралы кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сонымен бірге, қатысушыларға психологиялық кеңес беріліп, сұрақ-жауап форматында еркін пікір алмасу жұмыстары жалғасты. Шарада Маңғыстау облысы әкімдігінің әйелдер әстері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Ажар Азанқызы сотталғандарды қолдау мақсатында отбалық құндылықтар туралы әңгіме өрбітті. Сондай-ақ, Маңғыстау облысы дін істері басқармасының бөлім басшысы Бақытгүл Мақсотқызы дінтанулық сараптама туралы дәріс оқып, сұрақтарға жауап берді.
Топтық ойын кезінде зорлық-зомбылықтың алдын алу, жақсы қарым- қатынас орнатуға негізделді. Іс-шаралар сотталған азаматтардың түзелуіне, қайта қылмыс жасау тәуекелін төмендетуге және олардың қоғамға толыққанды бейімделуіне оң ықпал етеді деп күтіліп отыр.
Қылмыстық атқару жүйесі алдағы уақытта да сотталған әйелдер мен ер адамдарға арналған әлеуметтік-құқықтық бағыттағы іс-шараларды жүйелі түрде жалғастыратын болады.