Otpan News Logo

«SHUBAT FEST-2026» гастрофестивалі: «Шұбат Маңғыстаудың ғана емес, Қазақстанның брендіне айналады»

|
29.08.2026 20:40
«SHUBAT FEST-2026» гастрофестивалі: «Шұбат Маңғыстаудың ғана емес, Қазақстанның брендіне айналады»

Бүгін Ақтау қаласында түйе шаруашылығын дамытуға және ұлттық брендті дәріптеуге бағытталған «SHUBAT FEST-2026» республикалық гастрофестивалінің гала-финалы өтуде. Ауқымды іс-шара барысында жергілікті өнімдердің әлеуеті жан-жақты көрсетіліп, түйе сүтінен жасалған ерекше тағам түрлері көпшілік назарына ұсынылды. Фестиваль аясында өткен байқауда қала тұрғындары мен қазылар алқасы дауыс беру арқылы үздіктерді анықтайды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Тартысты бәсекеде бірқатар қатысушы түрлі номинациялардың жеңімпазы атанды. Атап айтқанда, «Түйе сүті қосылған ең дәмді кофе» номинациясын Жаңаөзен тұрғыны жеңіп алды. «Бірлік» шаруа қожалығының өкілдері дегустацияға келген тұрғындарға кофе ұсынып, көпшіліктің көзіне түсті. Жаңаөзендік кәсіпкер алдағы уақытта түйе сүті қосылған кофені кең көлемде нарыққа шығаруды жоспарлап отыр.


Сондай-ақ «Түйе сүтінен жасалған ең үздік құрт» номинациясында Қызылсайлық өндіруші – «Айтумыс» шаруа қожалығы бас жүлдені иеленді. Шаруашылық өкілдерінің айтуынша, олар 2016 жылдан бері түйе шаруашылығымен тұрақты түрде айналысып келеді. 


Ал «Түйе сүтінен жасалған ең дәмді балмұздақ» номинациясының жеңімпазы бұл технологияның Қазақстанда тұңғыш рет қолға алынғанын жеткізді. Авторлардың айтуынша, мұндай өнім бұған дейін тек Дубайда ғана жасалған, ал отандық мамандар бұл тәсілді өз бетінше ойлап табу үшін 10 литр сүтті тәжірибе ретінде жұмсаған.


Жергілікті тұрғындар мен қатысушылар түйе сүтінің емдік қасиеті мен ағзаға тигізер пайдасы зор екенін атап өтті.


«Осындай байқаулар түйе сүтінен жасалған өнімдерді әлемге танымал етуге көмектеседі. Шұбат болашақта Маңғыстаудың ғана емес, бүкіл Қазақстанның брендіне айналады», – деді «Shubat Fest»-ке арнайы келген қала тұрғындары.
56
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!