Otpan News Logo

Сапалы білім және жаңа технологиялар: Маңғыстауда Тамыз кеңесі өтті

Сапалы білім және жаңа технологиялар: Маңғыстауда Тамыз кеңесі өтті

Ақтауда «Сапалы білім, берік құндылық, табысты тұлға: жаңа оқу жылындағы міндеттер» тақырыбында педагогтердің дәстүрлі облыстық тамыз кеңесі өтті. Жиында білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби дамуы, цифрландыру және жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.


Кеңесте сөз сөйлеген облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұстаздар қауымын келе жатқан Білім күнімен құттықтап, білім беру саласын дамыту өңір үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.


"Маңғыстау облысында білім беру саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Өңірдегі демографиялық өсім білім беру инфрақұрылымын одан әрі жетілдіруді талап етеді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында жаңа мектептер ашылып, үш ауысымды мектептер саны 10-нан 3-ке дейін қысқарды. Бұл – жүйелі жұмыстың және педагогтердің кәсіби еңбегінің нәтижесі. Сонымен қатар республикалық деңгейде алғашқылардың бірі болып шұбатты оқушылардың тамақтану рационына енгіздік. Бұл – балалардың денсаулығын нығайтумен қатар, жергілікті өнім өндірушілерді қолдауға және ұлттық тағам мәдениетін дәріптеуге бағытталған маңызды бастама. Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді сапалы орындау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Өйткені жас ұрпақты біліммен қаруландырып, әлемдік бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастырудың кілті – ұстаздардың қолында", – деді Нұрдәулет Қилыбай.


Кеңес барысында өткен оқу жылының қорытындылары сараланып, 2026–2027 оқу жылында білім беру саласының алдында тұрған негізгі міндеттер айқындалды. 2025-2026 оқу жылының қорытындысы бойынша облыста білім сапасының орташа көрсеткіші 66,57 пайызды құрап, өткен оқу жылымен салыстырғанда 1,46 пайызға өсті. Өңірдің білім беру ұйымдарының 90 пайызы оң динамика көрсетті.


Дарынды оқушылар да республикалық және халықаралық додаларда жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Жыл ішінде 549 оқушы білім жарыстарына қатысып, 271 медаль иеленді. Оның ішінде 44 алтын, 92 күміс және 134 қола медаль бар.


2026 жылғы ҰБТ нәтижесінде облыс бойынша 3 554 түлек мемлекеттік білім грантына ие болды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 265 грантқа артық. Оның ішінде 1 995 түлек нысаналы грантпен қамтылды. Сонымен қатар ҰБТ нәтижелері бойынша Маңғыстау облысы республикалық рейтингтегі көрсеткішін жақсартып, соңғы екі жылда 19-орыннан 13-орынға көтерілді.


Білім беру инфрақұрылымын жаңғырту және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өңірдегі білім беру ұйымдары заманауи қауіпсіздік құралдарымен және жоғары жылдамдықты интернетпен толық қамтылды. 1-4 сынып оқушылары мен әлеуметтік осал санаттағы балалар тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.


Сонымен бірге цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын білім беру үдерісіне тиімді енгізуге ерекше назар аударылды. Мамандардың пікірінше, заманауи технологияларды оқу процесіне енгізу педагогтің орнын алмастыру емес, оның жұмысын тиімді ұйымдастыруға және оқушының білім алу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталуы тиіс.


Жиында оқушылардың функционалдық сауаттылығын, шығармашылық және зерттеушілік қабілеттерін дамыту, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мәселелері де көтерілді. Кәсіптік білім беру жүйесін жаңа технологиялық талаптарға бейімдеу бағыттары да назардан тыс қалмады.


Кеңес аясында білім беру саласындағы инновациялық жобалар мен заманауи шешімдер ұсынылған көрме ұйымдастырылды. Көрмеде STEAM білім беру, жасанды интеллект, жобалық оқыту, робототехника және бағдарламалау, кәсіпкерлік дағдыларын дамыту бағыттары қамтылды. Сондай-ақ заманауи оқу жабдықтары мен цифрлық білім беру ресурстары таныстырылды.

Тамыз кеңесі барысында үздік ұстаздарға «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Еңбек ардагері», «Ы. Алтынсарин», «Білім беру саласының үздігі» төсбелгілері табысталды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамоталары мен алғыстары берілді.


Бұдан бөлек, «Орта білім беретін үздік ұйым» және «Техникалық және кәсіптік, орта білімінен кейінгі білім беретін үздік ұйым» гранттарының жеңімпаздары анықталды. Айта кетейік, облыстың барлық аудандары мен қалаларында тамыз кеңесі мен секциялық отырыстар ұйымдастырылды. Жиынға жалпы саны 3500-ге жуық педагог қатысты.

88
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!