Қазақстан – Өзбекстан бағытына «Әйелдер вагоны» қосылады
«Жолаушылар тасымалы» АҚ 2026 жылғы 1 қазаннан бастап алғаш рет №1/2 «Алматы – Ташкент» халықаралық пойызы құрамында «Әйелдер вагоны» қызметін іске қосатынын мәлімдеді. Бұл пойыз Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тұрақты теміржол қатынасын қамтамасыз етіп, екі елдің ірі қалаларын байланыстырады, деп хабарлайды Otpannews.kz компания мәліметіне сілтеме жасап.
«Алматы – Ташкент» халықаралық бағыты Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жолаушылар қатынасын дамытуда маңызды рөл атқарады. Бағытқа сұраныстың артуы мен жолаушылар ағынының өсуін ескере отырып, осы бағытта «Әйелдер вагонын» іске қосу туралы шешім қабылданды.
«Бұл қызметке ішкі теміржол бағыттарында да сұраныс жоғары. Қызмет іске қосылғалы бері «Әйелдер вагонын» 946 мыңнан астам жолаушы пайдаланған», – деді «Жолаушылар тасымалы» АҚ басқарма төрағасы Ануар Ахметжанов.
Қазіргі уақытта №1/2 пойыз күн сайын қатынайды.
«Әйелдер вагоны» бұған дейін де бірқатар бағытта іске қосылған. Жаңа вагон қосылғаннан кейін бұл қызмет көрсетілетін бағыттардың саны 14-ке жетеді деп жоспарланып отыр.
Қазір «Әйелдер вагоны» мына пойыздарда бар:
«Алматы – Маңғыстау» №77/78 және №351/352;
«Павлодар – Түркістан» №45/46;
«Маңғыстау – Семей» №37/38;
«Атырау – Астана» №47/48;
«Ақтөбе – Алматы» №33/34 және №23/24;
«Астана – Алматы» №3/4;
«Астана – Шымкент» №71/72;
«Астана – Семей» №353/354;
«Алматы – Шымкент» №25/26;
«Орал – Маңғыстау» №613/614;
«Нұрлы жол – Орал» №81/82.
«Әйелдер вагонына» билетті тек әйелдер сатып ала алады. Алайда ересек адамның еріп жүруімен жеті жасқа дейінгі ұл балалардың да вагонда жүруіне рұқсат етіледі. Вагондарға әйел жолсеріктер қызмет көрсетеді.
Билетті теміржол кассаларынан сатып алуға болады. Кассадан билет алар кезде жолаушы «Әйелдер вагонын» таңдағанын айтуы қажет. Билетте орынның әйелдер вагонына тиесілі екенін білдіретін «ЖН» белгісі болуы керек.
Сонымен қатар билетті онлайн түрде bilet.railways.kz сайты арқылы да сатып алуға болады.