Қосбұлақ ауылының 60 жылдығы аталып өтті
Маңғыстау ауданындағы Қосбұлақ ауылының 60 жылдық мерейтойына арналған мерекелік шара кең көлемде аталып өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Іс-шараға орай орай ауылда бірқатар маңызды нысандардың ашылу рәсімі ұйымдастырылды. Атап айтқанда, ауылдың тарихы мен бүгінгі келбетін айшықтайтын стелла және «Жаңарған ауыл келбеті» саябағы ел игілігіне берілді.
Жаңа нысандар Қосбұлақтың ажарын арттырып қана қоймай, ауылдың өткені мен бүгінін сабақтастыратын, тұрғындардың тынығуына және кейінгі ұрпаққа тарихи тағылым беретін орынға айналмақ.
Қосбұлақ ауылының қалыптасу тарихы өңірдегі жерасты су көздерін іздеу және зерттеу жұмыстарымен тығыз байланысты. Өткен ғасырдың 1966-1967 жылдарындағы гидрогеологиялық ізденістер мен кейінгі геологиялық-барлау жұмыстары елді мекеннің қалыптасуына негіз болды.
Іс-шара «Құтты мекен – Қосбұлаққа 60 жыл» атты концерттік бағдарламамен жалғасты. Ауыл өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, жиналған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Сондай-ақ ұлттық дәстүрді дәріптейтін қонақасы ұйымдастырылды. Ақ дастархан басына ауыл тұрғындары, арнайы келген қонақтар мен ел ағалары жиналып, Қосбұлақтың 60 жылдық мерейтойына орай ақжарма тілектерін білдірді.
Мерекелік бағдарлама түстен кейін жыршылар кеші, ұлттық ойындар және дала концерттерімен жалғасын тапты.