Ақтауда азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша атқарылған жұмыстар баяндалды
Ақтау қалалық прокуратурасының бастамасымен биыл 200 мыңнан астам азаматтың құқығы қорғалып, қаладағы қылмыс деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 5,6%-ға төмендеді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Ақтау қаласының прокуроры Дауылбай Челпеков айтты.
Брифинг барысында спикер прокурорлық актілердің негізінде қылмыстық істер бойынша 293 жәбірленушіге жалпы сомасы 472 миллион теңге қайтарылғанын айтты. Сонымен қатар, қылмыстың алдын алу және құқықтық сауаттылықты арттыру мақсатында тұрғындарға тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді.
-Арнайы дайындалған баннерлер, бейнероликтер мен ескертпелер қаладағы LED-экрандарда, қоғамдық көліктерде, кинотеатрларда, сондай-ақ YouTube, Instagram, Facebook әлеуметтік желілерінде, бұқаралық ақпарат құралдарында, білім беру ұйымдары мен діни мекемелерде үздіксіз жариялануда. «Заң мен тәртіп» идеологемасы аясында адам көп шоғырланатын қоғамдық орындарда, сауда-ойын-сауық орталықтарында тұрғындармен жүйелі түрде кездесіп, олардың сұрақтарына заңдық кеңес беріп келеміз, - деді Дауылбай Челпеков.
Спикер қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Айқын нәтиже» жобасының жүзеге асырылып жатқанын да атап өтті. Жоба аясында прокуратураның үйлестіруімен құзырлы органдар құқық бұзушылық жиі тіркелетін шағын аудандар мен ойын-сауық орындарында тұрақты рейдтік іс-шаралар өткізуде.
Брифингте кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қазіргі таңда барлық білім беру ұйымдарына жауапты прокурорлар бекітіліп, оқу жылы барысында оқушылармен тұрақты кездесулер өткізіліп келеді. Сонымен қатар, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлерімен бірлескен профилактикалық рейдтер ұйымдастырылуда.
Әлеуметтік құқықтарды қорғау бағытында да нақты нәтижелерге қол жеткізілген. Прокурорлық актінің негізінде 13 527 мүгедектігі бар азаматқа негізсіз төленбей келген әлеуметтік көмек беріліп, олардың құқықтары қалпына келтірілді. Сондай-ақ, жүргізілген талдау нәтижесінде енгізілген акті арқылы 700-ден астам жұмысшыға әлеуметтік төлемдер төленген.
Брифинг соңында Ақтау қаласының прокуроры азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.