Otpan News Logo

Ақтаулық волонтер Әлия мен күн сәулелі жандар «Таза Маңғыстау» челленджіне екінші рет қатысуда

|
27.08.2026 16:30
Ақтаулық волонтер Әлия мен күн сәулелі жандар «Таза Маңғыстау» челленджіне екінші рет қатысуда

Әлия Якубқызы мен күн сәулелі жандар қоршаған ортаны таза ұстап, экологиялық жақсы әдеттерді қалыптастырып келеді. Олар теңіз жағалауы мен теңізді қоқыстан тазарту үшін жағалауға жиі барады. Өзгеге көмек бергенді жақсы көретін Әлия студент кезінен волонтерлықпен айналысады. Otpannews.kz тілшісі табиғат жанашырымен арнайы кездесіп, сұхбаттасып қайтты. 


Мұқтажға көмек көрсетіп, жасаған ісіне ақы да, өзгенің алғысын да күтпейтін Әлия түрлі қайырымдылық шарасына қатысқан. Іс-шараларды ұйымдастырудан бөлек, зәру жандарға мейірім сыйлайтын ол бүгінде «Жарқын Damu» қоғамдық бірлестігінің негізін қалап, даун синдромы бар жандармен жұмыстанып келеді. 


«Біздің деніміз сау, ойнаймыз, достарымызбен қыдырамыз, жұмысқа барамыз, ортамыз бар. Бір күні байқасам, сіңлім үнемі өз-өзімен үйде жатады. Араласатын ортасы, көңіл көтеруге барар орны жоқ. Мен ойға батып, іштей қынжылдым. Сосын даун синдромы бар адамдарды жинап, олардың бірге уақыт өткізіп, дос тапқандарын қаладым. Сөйтіп осы қоғамдық қор құрылды. Ең үлкен мүшеміз – 35 жаста, менің сіңлім. Бізде тіпті 1 жастағы балалар да бар»,- дейді Әлия Якубқызы. 


Сіңлісі үшін жауапкершілік арқалаған волонтер бүгінде 60 баланың қоршаған ортаға бейімделуі үшін еңбек етіп келеді. Бұл бірлестік құрамындағы жандар бірге ән салып, би билейді. Балалар хореография, бассейнге жүзу және жеңіл атлетикамен айналысады. 


«Біз байқауларға көп қатысамыз. Би үйірмесі бар, балалар шығармашылық конкурстарында үнемі орын иеленеді. Одан бөлек спортшы ұл-қыздар да жетерлік. Сондай-ақ бассейн үйірмесі бар. Балаларды өзім жаттықтырамын, олар да суда жүзгенді жақсы көреді. Осы спорт түрі бойынша да жарыстарда топ жарып келеміз»,- деді «Жарқын Damu» ҚҚ басшысы Әлия Якубқызы. 


Әлия құрған бұл орта әр мерекеде жиналып, ынтымағы жарасқан достарға айналды. Тіпті өткен жылы «Tаза маңғыстау” экочелленджіне қатысқан. Қоршаған ортаны сүйетін күн сәулелі жандар биыл челлендждің жаңа маусымында да төбе көрсетті. 


«Бұл жандар бір-бірін тапты, ынтымағы жарасқан достар болдық. Биыл 15 туған күн тойланды. Әр ай сайын бас қосып, сыйлықтар беріп, би билейміз. Әр туған күнді асыға күтіп, ерекше тойлаймыз. Барлығы ұйымшыл, бір нәрсе үйретсең тез қағып алады. Сондықтан жақсы әдетті қалыптастырғым келеді. Біз өткен жылғы «Таза Маңғыстау» экочелленджіне қатыстық. Сол кезде пластмасс қақпақтарды жинауды, жерге қоқыс тастамауды, қоқыс жатса оны жинауды көрсеттім. Барлығы челлендж аяқталғасын да бұл әдеттерін тоқтатпады. Сондықтан біз биылғы челленджге қайта қатысып жатырмыз»,- деді Әлия. 


Күн сәулелі жандар 6 ай ішінде 5 литрлік бөтелкенің елуін пластик қақпақтармен толтырып үлгерді. Өз қалдығынан бөлек, өзгенің жерге тастаған қоқысын да жинауды әдет еткен жандар ізгі амалдарды бойларына сіңіріп келеді.

93
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!