Маңғыстау облысында қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі жағдай тексерілді
Маңғыстау облысының прокуроры Серікқали Күшалиев өңірдегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне барып, сотталғандар мен қамауда отырған азаматтар құқықтарының сақталуын тексерді, деп хабарлайды Otpannews.kz.
Өңірдегі Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі Аслан Құжиевпен бірге прокуратура басшысы азаматтардың ұсталуы жағдайын, сондай-ақ еңбек, коммуналдық-тұрмыстық және медициналық қамтамасыз ету салаларындағы заң талаптарының сақталуын бағалады.
Сотталғандарды еңбекпен қамту мәселесіне ерекше назар аударылды. Облыс прокуратурасының үйлестіру жұмыстары аясында 250-ден астам сотталған азамат кәсіпорындар мен кәсіпкерлік субъектілеріне жұмысқа орналасуға мүмкіндік алды.
Сонымен қатар прокуратураның бастамасымен жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен тергеу изоляторындағы медициналық пункт жаңғыртылды. Оны қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге 60 млн теңгеден астам қаржы бағытталды. Медициналық пункт заманауи құралдармен, оның ішінде стоматологиялық қондырғы, рентген аппараты және ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) құрылғысымен жабдықталды.
Сапар барысында облыс прокуроры медициналық пункттің жағдайын және жаңа жабдықтардың пайдалануға дайындығын тексерді.
Бұдан бөлек, Серікқали Күшалиев сотталғандар мен қамауда отырған азаматтарды жеке қабылдады. Кездесу барысында ұстау жағдайлары мен азаматтардың құқықтарының сақталуына қатысты өтініштер қаралды.
Тексеру қорытындысы бойынша облыс прокуроры ұстау жағдайларын одан әрі жақсарту, заңдылықты қамтамасыз ету және өңірдегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің жұмыс сапасын арттыру жөнінде тапсырмалар берді.