Otpan News Logo

Мемлекеттік қызмет алушылардың құқықтары қорғалды

|
26.08.2026 11:33
Мемлекеттік қызмет алушылардың құқықтары қорғалды

Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және азаматтардың құқықтарын қорғау – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.


Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы негізінде азаматтарға бағытталған сервистік мемлекеттік аппарат қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде.


Қазіргі әлемдік практикада мемлекеттік қызметтің сервистілік және клиентке бағдарлану қағидаттарына негізделген моделі айтарлықтай белсенді дамуда.


Мемлекеттік қызметтің сервистілік және клиентке бағдарлану қағидаттарына негізделген моделінің негізінде бір жағынан, ел азаматтарының, екінші жағынан, мемлекеттік қызметтің өзара міндеттемелерін бекітетін нормалар қамтылады. 


Осы бағытта ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасына қатысты 319 қызмет алушының құқығын қалпына келтірді.


Департаментке келіп түскен өтініштер негізінде жоспардан тыс тексерулер мен сұрау салулар жүргізіліп, сондай-ақ проактивті қашықтықтан бақылау нәтижесінде және «EgovKzBot2.0» Telegram боты арқылы жүгінген қызмет алушылардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.


Құқықтары қалпына келтірілген қызмет алушылардың басым бөлігі жер қатынастары және сәулет-қала құрылысы салаларында көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге қатысты.


Жыл басынан бері Департаментке барлығы 81 шағым келіп түсті. Оның ішінде жоспардан тыс тексеру нәтижесінде 8 қызмет алушының, ал сұрау салу арқылы 49 қызмет алушының құқықтары қалпына келтірілді.


Мәселен, Департаментке Ақтау қаласының тұрғыны баласын бірінші сыныпқа тіркеу мәселесі бойынша жүгінді. Азамат жалпы білім беретін мектепке «Құжаттарды қабылдау және балаларды 1-сыныпқа қабылдау» мемлекеттік қызметі бойынша өтініш берген.


Алайда білім беру ұйымы азаматтың баласын бірінші сыныпқа қабылдау туралы өтінішіне нақты себептерін көрсетпестен бас тарту туралы шешім қабылдаған.


Қызмет алушы аталған шешіммен келіспей, Департаментке шағымданды.


Осыған байланысты Департамент шағым негізінде жалпы білім беретін мектепке жоспардан тыс тексеру жүргізді.


Тексеру нәтижесінде шағым иесінің уәждері расталып, азаматтың бұзылған құқығы қалпына келтірілді. Нәтижесінде оның баласы аталған жалпы білім беретін мектептің бірінші сыныбына қабылданды.


Осылайша, Департамент қызмет алушының бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бойынша барлық қажетті шараларды қабылдады.


Сонымен қатар, Департамент азаматтардың шағымын күтпестен, проактивті түрде жүргізілген қашықтықтан бақылау нәтижесінде 95 қызмет алушының, ал «EgovKzBot2.0» Telegram боты арқылы жүгінген 1 қызмет алушының құқығын қалпына келтірді.


Анықталған бұзушылықтарға жол берген мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне қатысты тиісті шаралар қабылданып, нәтижесінде 45 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды.


Осы ретте, Құрметті облыс тұрғындары!


Мемлекеттік қызмет алу барысында заңнама талаптарының бұзылуы, қызмет көрсетуден негізсіз бас тарту немесе белгіленген мерзімдердің сақталмауы фактілеріне тап болған жағдайда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментіне немесе «EgovKzBot2.0» Telegram боты арқылы жүгіне алатындарыңызды хабарлаймыз.


Біздің мекен-жайымыз: Ақтау қаласы, 14 ш.а., 71 ғимарат, 2-қабат. Байланыс нөмерлері: 8 (7292) 30-26-40, 8 (7292) 30-26-15 кеңсе нөмірі.


Тоқтамыс Жұмағұлов

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі

Маңғыстау облысы бойынша департаментінің

басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы

90
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!