Otpan News Logo

Маңғыстауда сирек кездесетін қарақұс Қарағандыға жіберілді

Маңғыстауда сирек кездесетін қарақұс Қарағандыға жіберілді
ашық дереккөзден

Құс ем қабылдап, күрделі отадан өтіп, ұзақ уақыт бойы оңалды. Кейін Ақтаудан Қарағандыға жөнелтіліп, қазір зообақ мамандарының бақылауында өмір сүреді, деп хабарлайды Otpannews.kz.


Ветеринар дәрігер, орнитолог Алина Шарипованың айтуынша, қарақұс ZOO LEKAR клиникасына өте ауыр жағдайда жеткізілген. Құс Жетібай мұнай кен орны аумағынан табылған. Оның денесі мұнай өнімдерімен ластанған.


Жарақаты мен қауырсынының мұнайға былғануына байланысты қарақұс дұрыс ұша алмаған. Ол қатты әлсіреп, сусызданып, әбден арықтаған. Тіпті аяғына тұра алмаған.


Құс клиникаға түскеннен кейін мамандар алдымен оның жағдайын тұрақтандырып, тексеруге кірісті. Алғашқы әрі маңызды міндеттердің бірі – денесі мен қауырсынындағы мұнай өнімдерін тазарту болды. Орнитологтар құсты ұзақ уақыт бойы арнайы өңдеуден өткізіп, ластанудан тазартты. Осы арқылы мұнай өнімдерінің ағзаға тигізетін уытты әсерін азайту көзделді.


«Сонымен қатар тексеру барысында қанатынан сынық анықталды. Емдеу кезінде жарақаттың бастапқы болжамнан әлдеқайда күрделі екені белгілі болды. Зақымдалған аймақта ісіну, іріңдік, тіндердің бұзылуы және некроз дамыған. Қанатты толыққанды қызмет атқаратын күйде сақтап қалу мүмкін болмады. Біздің алдымызда қиын таңдау тұрды: өміршеңдігін жоғалтқан қанатты сақтап қалуға тырысып, инфекцияның таралуы мен асқыну қаупін арттыру немесе ампутация жасап, осылайша құстың өмірін сақтап қалу», – дейді дәрігер.


Нәтижесінде қарақұстың зақымданған қанатына ампутация жасалды. Отадан кейін қарақұс ветеринар мамандар мен орнитологтардың бақылауымен клиникада оңалуын жалғастырды.


Алайда осыдан кейін құсты табиғи ортаға қайтару мүмкін еместігі белгілі болды. Толыққанды қанаты болмағандықтан, ол табиғатта ұша алмайды, аң аулай алмайды, жыртқыштардан қорғана алмайды және қорек табуда қиындыққа тап болады. Сондықтан, құсты қауіпсіз жерге орналастырып, оған тұрақты әрі кәсіби күтім көрсететін жер керек болды. 


«Қарақұсқа жаңа мекен табудың сәті түсті. Ол – Қарағанды зообағы. Зообақ мамандары Қызыл кітапқа енген құсты қабылдап, оның әрі қарай күтімі мен ветеринарлық бақылауын қамтамасыз етуге келісті», – дейді маман.


Қызыл кітапқа енген құсты тасымалдау үшін арнайы құжаттар дайындалды. Құстың денсаулығы туралы мемлекеттік ветеринариялық анықтама алынып, әуе көлігімен тасымалдау талаптарына сай арнайы авиациялық жәшік сатып алынды.


Сонымен қатар тасымалдау мәселесі әуе компаниясымен және құсты қабылдайтын тараппен алдын ала келісілді. Клиника мамандары мен Umit MANGISTAU қорының өкілдері Қарағанды зообағы және оның ветеринар дәрігерімен бірлесіп жұмыс істеп, құсты барынша қауіпсіз жағдайда тапсыруды ұйымдастырды.


27-нен 28 тамызға қараған түні қарақұс ұшақпен Қарағандыға жол тартты. Ал таңертең мамандар Қарағанды зообағындағы әріптестерінен құстың аман-есен жетіп, мекеме өкілдеріне тапсырылғаны туралы хабар алды.


«Біз үшін бұл жай ғана жануарды бір қаладан екінші қалаға тасымалдау емес. Мұның артында бірнеше аптаға созылған ем, күрделі ота, оңалту, ондаған процедура, құжаттар мен келісімдер және сирек кездесетін құстың өмірі үшін күрес барысындағы алаңдаушылық тұр. Бірақ қазір мұның бәрі артта қалды. Қарақұс табиғатқа қайта орала алмаса да, Umit MANGISTAU қоры жүзеге асырып отырған жоба мен ZOO LEKAR клиникасы мамандарының арқасында өмірін жалғастыруға мүмкіндік алды. Біз үшін бұл – үлкен жеңіс» – дейді мамандар.


Бүгінде қарақұс Қарағандыда зообақ мамандарының бақылауында.

27
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!