Ақтауда IT мамандарына арналған технологиялық кездесу өтті
Бүгін Ақтау қаласындағы Mangystau Hub алаңында өңірдің IT мамандары, бағдарламашылар, стартаперлер мен салаға қызығушылық танытушы жастарды жинаған Dev Day технологиялық кездесуі өтті, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Іс-шара бағдарламасы өзекті тақырыптарды қамтыған бірнеше бөлімнен тұрды. Атап айтқанда, қатысушылар киберқауіпсіздік және цифрлық қауіпсіздік мәселелерін талқылап, заманауи технологиялар мен жасанды интеллект бағытындағы жаңалықтармен танысты.
«Бұл іс-шараның басты мақсаты – өңірдегі ақпараттық технологиялар мен инновациялар саласын дамыту, озық тәжірибе алмасу және жергілікті IT қауымдастықты нығайту. Бүгін киберқауіпсіздік жайында маңызды дүниелер айтылды. IT кәсіпке жол ашу, осы бағытта жұмыс істеу туралы да құнды ақпараттар айтылды»,- деді Mangystau Hub аймақтық IT hub басшысы Әйгерім Мәжтай.
GDG Aktau ұйымдастыруымен өткен практикалық шеберлік сабақтары (Workshop) қатысушыларға теориялық білімді тәжірибеде қолдануға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар жиын аясында ұйымдастырылған IT Talks панельдік сессиясында сарапшылар жасанды интеллект, стартаптарды дамыту, халықаралық білім алу және әлемдік нарыққа шығу тәжірибесі туралы құнды ақпараттарымен бөлісті. Іс-шараға келген қатысушылар мен спикерлер өзара тәжірибе алмасып, жаңа кәсіби байланыстар орнатты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл кездесу жергілікті мамандарға өз жобаларын көрсетуге, тәжірибелі сартапшылардан бағыт-бағдар алуға және өңірлік IT-экожүйенің әлеуетін арттыруға зор үлес қосады. Кездесу соңында қатысушылар бейресми жағдайда пікір алмасып, алдағы жоспарларын талқылады.