Айбек Дәдебай Құрылтай төрағасы болып сайланды
Құрылтай депутаттары жаңа заң шығарушы органның төрағасы қызметіне Айбек Дадебайды сайлады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Айбек Дәдебайдың кандидатурасын Құрылтай төрағасы лауазымына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынды.
«Жаңа Конституцияға сәйкес билік институттарын жасақтау жұмысын бастау үшін біз бірқатар рәсімді өткізуіміз керек. Ең алдымен, Құрылтайдың басшылық құрамын сайлап, құрылымын қалыптастыру қажет. Өздеріңізге мәлім, Конституцияның 57-бабына сәйкес Құрылтай Төрағасының лауазымына кандидатураны Президент ұсынады. Мен жауапкершілігі зор бұл лауазымға Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын ұсынамын. Сіздер бұл тұлғаны жақсы білесіздер. Ол мемлекеттік басқару жүйесінде көп жыл қызмет етті. Тәжірибесі мол деп айтуға болады. Өзінің білімді, отаншыл, адал азамат екенін нақты істерімен дәлелдеді. Сондықтан оны осы лауазымға лайық деп санаймын. Құрылтай депутаттарынан Айбек Арқабайұлы Дәдебайдың кандидатурасын қолдауды сұраймын», - деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.
Депутаттар дауыс беру арқылы оның кандидатурасын қолдап, Айбек Дадебай жаңа заң шығарушы органның алғашқы төрағасы атанды.
Айбек Дәдебай бұған дейін ҚП Президенті іс басқармасының басшысы, Президент әкімшілігінің жетекшісі секілді лауазымды қызметтерді атқарған еді. Ол маусым айының басында қызметінен босатылып, жаңадан құрылған "Әділет" партиясының төрағасы болып бекітілген еді.
26
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев