Салық төлемей-ақ табыс табу мүмкін бе? Ақтаудағы полиэтилен зауыты соны дәлелдеп отыр

Ақтаудағы полиэтилен құбырларын шығаратын зауыт өніміне сұраныс артып келеді. Бүгінде кәсіпорын еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыс қабылдап отыр. «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында орналасқан өндіріс ошағы барлық салық түрінен босатылған, деп хабарлайды otpannews.kz.
Кәсіпорын Германияның озық технологиясын қолданып, жылына 21 мың тоннадан астам өнім өндіріп жатыр. Мұнда кәріз жүйесіне, су мен газ тасымалдауға арналған диаметрі 110 мм-ден 710 мм-ге дейінгі түрлі полиэтилен құбырлар жасалады. Өндіріс процесі толық компьютерлендірілген, бұл адами қателіктерді азайтып, тиімділікті арттыруға көмектеседі.
Жабдық толықтай компьютерлендірілген. Бұл адами фактордан туындайтын қателіктерді азайтып, өндірісті толық автоматтандыруға мүмкіндік береді. Бір желіні басқаруға бар болғаны үш қызметкер жеткілікті, олардың негізгі міндеті – шикізат жүктеу және жабдықты баптау, – дейді «Поликомпозит» кәсіпорны директорының орынбасары Салтанат Бралина.
Зауытта 30 адам жұмыс істейді. Жас мамандар үшін мансаптық өсуге мүмкіндік жоғары – белсенді, нәтижелі қызметкерлердің қызметтік жоғарылауына барлық жағдай жасалған.
Арнайы экономикалық аймақта орналасуының арқасында кәсіпорынға мемлекет бірқатар салықтық жеңілдік ұсынған:
- корпоративтік табыс салығынан (КТС);
- мүлік және жер салығынан;
- өндірістік шикізатты импорттау кезіндегі кедендік төлемдерден;
- арнайы экономикалық аймақ резиденттері арасындағы өзара операциялар кезінде қосылған құн салығынан (ҚҚС) босатылған.
Бұл жеңілдіктер өндіріс көлемін ұлғайтып, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта компания өндірістік базаны кеңейтіп, қойма ғимаратын салуды, сондай-ақ қайталама шикізатты қайта өңдеу цехын іске қосуды жоспарлап отыр. Осылайша кәсіпорын шикізатты дайындаудан бастап, дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндіріс тізбегін өз күшімен жүзеге асырады.
