Маңғыстау облысында өртке қарсы қызметтің материалдық-техникалық базасы жаңарып, кадр тапшылығы шешілді

Маңғыстау облысында өрт сөндіру және құтқару қызметі қарқынды дамып жатыр. Қазір өңірде 13 өрт сөндіру бөлімшесі жұмыс істейді, оның ішінде 3 мамандандырылған және 9 жалпы бөлімше бар. Одан бөлек, 4-шағынауданында құтқару жасағы орналасқан. Otpannews.kz тілшісі Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған турда маңғыстаулық құтқарушылардың жұмысымен танысып қайтты.
Маңғыстау облыстық ТЖД бастығының бірінші орынбасары Мирбек Қараев БАҚ өкілдеріне өрт сөндіру бөлімдерінің материалдық базасын таныстырды. 2020-2021 жылдары 30 бірлік техника, биыл тағы 18 жаңа көлік сатып алынған. Бұл көліктер көбінесе батпақты, жолы қиын жерлерге ыңғайлы, даладағы көліктерді құтқаруда маңызды рөл атқарады. Қазір облыстың өрт техникасы 80 пайыздан астам жаңартылған.
Құтқарушылар дайындықты бір күнге де тоқтатпайды. Олар 70 метрлік қараңғы лабиринтте тұрақты түрде жаттығады. Мамандардың дайындық деңгейін бақылау үшін лабиринт арнайы техникамен және бақылау камераларымен жабдықталған.
Бүгінде облыстық төтенше жағдайлар департаментінде 1000-ға жуық қызметкер еңбек етеді. Олардың қатарында медициналық апаттар орталығының мамандары да бар.
Құтқарушылар теңіздегі құтқару жұмыстарын да белсенді жүргізеді. Биыл суға батқан 50 адам құтқарылған, оның 20-сы балалар. Әсіресе желді күндері сапбордпен серуендеушілер су асты ағысына түсіп кетеді екен.
Ақтауда орналасқан жедел-құтқару жасағы заманауи техникамен толық жабдықталған. Мамандар су астын бақылай алатын дрондарды, қалың металл кесуге арналған арнайы құрылғыларды пайдаланады. База аумағында 6 метрлік бассейн бар, онда құтқарушылар су астында жұмыс істеуге тұрақты түрде жаттығады.
Іздестіру-құтқару қызметіндегі мамандар су өткізбейтін арнайы киімдермен және оттегі баллондарымен қамтамасыз етілген. Егер маман арнайы дайындықтан өткен болса, теңіз астында бір сағатқа дейін жұмыс істей алады.
«ҚазАвиаҚұтқару» компаниясының тікұшағы облыста тәулік бойы кезекшілікте тұрады. Ол суға кеткендерді іздеу және ауыр науқастарды ауданнан облыс орталығына тасымалдау үшін пайдаланылады.
Қазір Ақтауда екі жаңа өрт сөндіру бөлімшесінің құрылысы жүріп жатыр. Бірі 4а шағынауданында жедел құтқару жасағының орнына салынып, қараша айында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Екіншісі 35-шағынауданда салынып жатыр. Онда қызметкерлерге арналған жатақхана мен спорт кешені болады.
Өрт сөндірушілердің жалақысы да артқан. Бұрын жаңадан келген қызметкерлер 100-120 мың теңге алса, қазір жас мамандардың жалақысы 180 мың теңгеден басталады. Қайта даярлықтан өткендер мен шен алғандардың айлығы 200 мың теңгеге жетеді. Алдағы үш жылда шен өсіру, кәсіби талаптарды орындау нәтижесінде қосымша үстемақылар төленетін болады.
23 жастағы Асқар Айдарбаев № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істеп жатыр. Жас жігіт спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Ол мектепті аяқтаған соң дене шынықтыру пәні мұғалімі болғысы келіпті. Алайда ол жоғары оқу орнын аяқтамастан әскерге аттанған. Отан алдындағы борышын өтеп келген соң Ақтөбе қаласында бір айлық курстан өтіп, былтыр наурыз айында жұмысқа орналасқан. Шымыр денелі құтқарушы бар күшін халықты төтенше жағдайда құтқару үшін сарп етуге бел буған.
Жұмысым өзіме ұнайды. Әлеуметтік жағдайымызды да жақсартып жатқанына қуаныштымын. Апат болған жағдайда мүдірмей көмек көрсету үшін күнделікті дайындаламыз. Өртті сөндіруге бара жатқанда бәрібір қобалжу болады. Уайымдайсың, ішіңді үрей билейді. Дегенмен жұмысымыз болған соң барлығын жеңіп, адамдарға көмек көрсетеміз. Оңай емес екені рас, бірақ халықты құтқару біздің міндетіміз, - дейді өрт сөндіруші Асқар Айдарбаев.
Жалақы өскен соң кадр тапшылығы мәселесі де шешілген. Бүгінде барлық бөлімше толық жасақталған, тіпті қосымша резерв те құрылған екен.
Өрт сөндіру нормаларына сай, бір бөлімше тұрғын үйлерді 3 шақырым радиуста қамтуы тиіс. Осы талапқа сай болу үшін облыста тағы бір өрт сөндіру бөлімін ашу көзделіп отыр. Ол бұрынғы Президент резиденциясы маңында салынады деген жоспарымыз бар. Қазір біз сол маңнан жер телімін бөлу туралы өтініш жібердік. Құжаттар дайын. Жер бөлінген соң құрылысқа қаржы сұраймыз. Ол бөлімшеге өрт сөндірушілер мен құтқарушыларды бірге орналастыру жоспарда бар, – дейді Маңғыстау облысы ТЖД бастығының бірінші орынбасары, подполковник Мирбек Қараев.
Пәтерлердегі өрттердің негізгі себептері – балалардың отпен ойнауы, сапасыз электр сымдары, құрылғыларды дұрыс пайдаланбау. Кей жағдайларда кернеудің артуынан немесе төбеге орнатылған жарық құрылғыларының тұйықталуынан да өрт шығады.
Қысқы жылыту маусымына дайындыққа да ерекше көңіл бөлінеді. Маандар жеке тұрғын үйлер аралап, жылыту құрылғыларын қауіпсіз пайдалану жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізеді. Сонымен қатар мамандар пеш пен қазандықтың техникалық жағдайын тексереді. Алайда ТЖД қызметкерлері тексеру кезінде ақау анықталса, тек ескерту жасай алады, шара қолдануға құзыреті жоқ.




