Маңғыстау ауданында «Ақиық өлке, алғи жыр!» атты жыр керуені өтті

Маңғыстау ауданында «Ақиық өлке, алғи жыр!» атты жыр керуені өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, өлең мен өнердің ордасына айналған бұл керуен аудан жұртшылығына ерекше әсер сыйлады.
Жыр кешіне арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Маралбек Сейлов қонақтарға жылы лебізін білдірді.
Керуенге еліміздің танымал қаламгерлері Көмек Ыбыраев, Ерекен Қорабаев, Анар Шамшадинова, Маусымжан Диқанбаева, Тілеген Әли бастаған ақындар атсалысты, сонымен бірге жас өрендер де өз өлеңдерін оқыды.
Сөз өнерімен қатар саз әлемі де үндесіп, көрермен көңілін әсем әнмен тербеді. Айгүл Құбаш пен Рафхат Ізденнің жанды дауыста шырқаған әуезді әндері кештің шырайын кіргізді.
Ұйымдастырушылар мұндай рухани іс-шаралар - ұлттық өнерді дәріптеу мен жас буынға шабыт берудің, ел руханиятын байытудың жарқын көрінісі деп атап өтті.
