Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Қазақстан криптовалюта резервін құруды жоспарлап отыр

|
16.10.2025 09:58
Қазақстан криптовалюта резервін құруды жоспарлап отыр
bitcoin.com

Қазақстанда құны 40 млрд теңгеден асатын тәркіленген криптоактивтер бар, алайда олар әлі тиімді пайдаланылмай отыр. Осыған байланысты Мәжіліс депутаттары Ұлттық банк жанынан мемлекеттік криптовалюта резервін құру бастамасын көтерді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап. 


Депутаттардың айтуынша, тәркіленген криптоактивтерді пайдаға жарату заңмен реттелмеген. Салдарынан активтерді жоғалту, ұрлау немесе үшінші тұлғалар арқылы заңдастыру қаупі бар.


Бізде тәркіленген криптоактивтер бар. Жобалауым бойынша 4 пен 40 млрд арасында деп айтылған ҚМА-нің өзінің есебінде. Қаржы мониторинг агенттігі оны тәркіледі. Тәркіленген нәрсе қазір суық күйде жатыр. Суық күйде болады, ыстық күйде болады. Ыстық күйдегілер пайда әкеледі. Ал суық әмиян дейміз, ол пайда әкелмей, мұздатылған күйде жатыр сол жерде. Ұлттық банктің жанынан қор жасауымыз керек. Сол қорға салсақ, ол мұздатылған емес, жылы күйде болады, сонда биржада бағасы өседі. Өзінің пайдасы болады,- деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Олжас Құспеков.


Расымен, 2023 жылы Қазақстандағы криптоайналымның 86,2 пайызы, яғни 3,5 миллиард АҚШ доллары дәл осындай көлеңкелі сегмент арқылы өткен. Цифрлық майнинг қауымдастығының ақпаратына сенсек, бүгінде заңсыз майнерлердің қатары сап тыйылған.

Оған себеп – бақылау мен тексерістің күшеюі және электр энергиясының қымбаттауы.


Иә 3 жыл бұрын Қазақстан цифрлық майнинг бойынша көш бастады. АҚШ-тан кейін 2-орынға жайғасты. Бірақ ол статистика көлеңкелі майнерлердің табысын қоса есептеп жасалған. Алайда 3 жылдан бері заңсыз майнерлердің табысын тәркілеу қарқынды жүріп келеді. Осылайша, қазір олардың саны тіпті азайды. Бүгінде біз әлемде 11-орындамыз. Бұл да жаман нәтиже емес, есесіне бәрі заңды,- деді Блокчейн және Цифрлық Майнинг қауымдастығының Вице-Президенті Сергей Путра.


Қазір ресми тіркелген, заңды жұмыс істейтін 70-тен астам майнинг компания бар. Олар өткен жылы 10,5 млрд теңге салық төлеген. Осылайша, ел экономикасына үлес қосты. Алайда салада әлі де тәуекел көп. 


ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі басқармасының бас сарапшысы Наурызбек Бижановтың айтуынша, алтын мен акциялардың да бағасы бірде өсіп, бірде түседі. Сол сияқты цифрлық активтердің де өзіндік тәуекелдері бар. Мемлекет үшін бұл – экономиканы әртараптандыру. Ал жаңа инвесторларға бұл – Қазақстанға келу мүмкіндігі.


Қаржылық мониторинг агенттігі тәркілеген құны 40 млрд теңгеден асатын криптоактивтерді пайдаға жарату мәселесі әлі де толық шешімін тапқан жоқ. Бірақ Ұлттық банк депутаттардың сауалына оң жауап қатты. Стратегиялық крипторезервті жинақтау үшін Мемлекеттік цифрлық активтер қорын құру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады. Айтқандай-ақ, заңсыз майнерлер жойылып, цифрлық активтерді реттеу қолға алынса, салада ашықтық орнайды. Нәтижесінде криптоактивтерге сенім күшейіп, инвестор тарту мүмкіндігі артады. Бұл – экономиканың өсуіне сеп,- деп қосы Наурызбек Бижанов.
54
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!