Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Қоғамдық кеңес мүшесі: Ақтауда көгалдандыру жұмыстарының сапасын бағалайтын маман тапшы

Қоғамдық кеңес мүшесі: Ақтауда көгалдандыру жұмыстарының сапасын бағалайтын маман тапшы
ашық дереккөз

Ақтауда өткен Қоғамдық кеңес отырысында «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы Әсет Бисекенов Маңғыстау облысында көгалдандыру саласындағы жұмыстардың сапасын әділ бағалай алатын мамандар жетіспейтінін айтты. Оның айтуынша, атқарылып жатқан шаруаларға қарағанда, көзге көрінетін нақты өзгеріс байқалмайды. Осыған байланысты саланы тереңірек тексеру үшін тәуелсіз сарапшыларды тартуды ұсынды, деп хабарлайды otpannews.kz.


Әсет Бисекенов "жасыл белдеу" жұмыстарының жағдайын анықтау үшін арнайы маман шақыртқанын жеткізді. Сарапшы бөлінген қаржыға жасалуы тиіс жұмыстардың көлемі шын мәнінде 1,5–2 есе көп болуы керек екенін көрсеткен.


Бөлінген қаржы нақты есеппен негізделмеген. Әр жыл сайын аудит жүргізіліп, халыққа ашық түрде ұсынылуы керек еді. Тәуелсіз сарапшы қажет. Сонда әділ бәсекелестік орта қалыптасар еді де, артық сұрақ туындамас еді. Қазір жұмыс жүріп жатыр дегенмен, оны нақты растайтын айғақ жоқ, – деді Бисекенов.


Айта кетейік, Ақтауда көгалдандыру жобасы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асып жатыр. 2022-2027 жылдар аралығында қаланы көгалдандыру үшін 7,1 млрд теңгеге келісімшарт жасалған. 2022 жылы – 748 млн теңге бөлінсе, кейінгі жылдары бұл сома жыл сайын 1 миллиард теңгеден асып отыр. Жобаны «GreenCityAktau» ЖШС жүзеге асырып жатыр.


Компания өкілі биыл атқарылған жұмыстар жайлы есеп берді. Оның айтуынша, жыл басынан бері ағаштардың қураған бұтақтарын кесу бойынша 390 рет қызмет көрсетілген. Суару маусымында бекітілген кестеге сай саябақтар, гүлзарлар, аллеялар мен шағынаудандар суарылған. Ол үшін күн сайын 5–5,5 мың текше метр су қажет. Алты айда пайдаланылған су көлемі 210 709 текше метрді құрап, бұл жоспардан 36 934 текше метрге артық болған.


Жоба аясында Маңғышлақ тәжірибелік ботаникалық бағымен бірлесе отырып дендрологиялық жоспар жасалған. Бұл жұмысқа 38 миллион теңге бөлінген. 2022 жылы жүргізілген түгендеу нәтижесіне сай, Ақтауда 67 783 жапырақты ағаш, 4 538 қылқан жапырақты ағаш, 27 932 бұта, 10 605 шаршы метр раушан гүлзарлары және 83 мың шаршы метр көгал бар екені анықталған.


«GreenCityAktau» компаниясының мәліметінше, смета бойынша бір ағашты сатып алуға – 4572 теңге, ал оны күтіп-баптауға – 7872 теңге қарастырылған. Бұл көрсеткіш көршілес Ақтөбе мен Атырауға қарағанда әлдеқайда төмен. Компания өкілі биыл күзде отырғызылатын ағаштардың биіктігі 3–3,5 метр болатынын атап өтті. Себебі, бұл – 1–1,5 метрлік көшеттерге қарағанда шығынды аз қажет етеді. Ағаштар еліміздің оңтүстік өңірлерінен жеткізілген.


Отырыс қорытындысы бойынша, қалада атқарылып жатқан көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарының ашықтығын арттыру, бақылауды күшейту және бағдарламаларды қайта қарау жөнінде ұсыныстар қабылданды.

44
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!