Медициналық туризм: Аббат Өрісбаев Маңғыстауға инвестиция құюға шақырды

Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев пен өңірдегі медицина саласының жетекшілері Астанада өткен «Қазақстандағы медициналық туризмді дамыту: болашағы мен мүмкіндіктері» халықаралық конференциясына қатысты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Конференцияда еліміздің әр өңірінен және шетелден келген мамандар өз тәжірибесімен бөлісті.
Қазақстандағы медициналық туризмнің қазіргі жағдайы мен даму жолдары талқыланды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, 2021 жылдан бері Қазақстанға медициналық туризммен келетін адамдар саны бес есе өскен.
Маңғыстау облысы үшін бұл сала өте маңызды. Аймақта заманауи медициналық орталықтар мен білікті дәрігерлер жұмыс істеп жатыр. Бұл – медициналық туризмді дамытуға жақсы мүмкіндік береді. Маңғыстаулық делегация конференцияда шетелдік серіктестермен байланыс орнатып, тәжірибе алмасуға ниетті екенін білдірді.
Аббат Өрісбаев конференцияда медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған «Денсаулық сақтау саласына бағытталған қалалар» жобасының маңызды екенін айтты. Сондай-ақ, жақында облыстық онкология орталығында алғаш рет ашылған ПЭТ-КТ қызметінің өңір үшін маңызын атап өтті. Ол өңірлер арасында өзара ынтымақтастықты нығайтып, Маңғыстау облысына инвестиция құюға және бірлесіп жұмыс атқаруға шақырды.


