Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансері жаңа мамандармен толықты

Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансерінің дәрігерлік құрамы білікті, жас кадрлармен толықты. Олардың қатарында онколог-дәрігерлер, химиотерапевтер, онкомаммологтар, онкохирургтер, эндоскопия және диагностикалық (КТ, УДЗ, МРТ) мамандар, онкогинекологтар, сондай-ақ инженер мен медициналық физик бар, деп хабарлайды Otpannews.kz диспансердің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жыл басынан бері медициналық орталыққа 20-дан астам маман жұмысқа қабылданды. Арасында медицина ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Балтабеков те бар. Ол Алматы қаласынан арнайы шақыртумен келіп, онкология саласындағы мол тәжірибесімен бөлісіп жүр. Профессордың бастамасымен «Ашық есік күндері» дәстүрге айналып, облыс орталығы мен аудандарда бір мезетте өткізіліп жатыр. Сонымен қатар, профессор Балтабеков онкодиспансер ұжымымен бірлесіп, жергілікті дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға белсенді атсалысып жатыр.
Айта кетейік, сегіз жаңа қызметкер онкоорталықтың қаржылай қолдауымен оқу және тағылымдамадан өтті. Қазір олар резидентураны сәтті аяқтап, диспансерде еңбек етіп жатыр.
2026 жылы диспансерге онкохирургия мен диагностика саласына екі маманды, сондай-ақ онкореабилитолог дәрігерді қабылдау жоспарланып отыр. Ал жыл соңына дейін диспансер тағы 4-5 маманмен толығады.
Қазір онкологиялық диспансерде ғылыми білім бөліміміз бар. Ол жерде 2 медицина ғылымдарының докторы, профессорлар, басқа да білікті мамандар ғылым саласында да жемісті еңбек етіп жатыр. Біз осы ғылыми бөлімнің арқасында еліміздегі медициналық университеттермен келісім-шартымыз бар, олармен бірге онкология саласы бойынша қоян-қолтық жұмыс істейміз. Биыл резидентураға түскен 5 түлек бізге келіп отыр. Біз оларды оқытамыз, әрі іс-тәжірибеден өткіземіз. Бүгінде орталықта 60-қа жуық дәрігер бар. Солардың арқасында жан-жақты дамыған реабилитация, паллиатив бөлімшесі жақсы жұмыс істеп жатыр. Өлім-жітім азайды, өткен жылға қарағанда 140 адамға азайған. Ал қатерлі ісікті бірінші сатыда анықтау анағұрлым өсті. Жұмыс көрсеткішіміз республикалық деңгеймен шамаласып қалды, - дейді Маңғыстау облыстық онкологиялық диспансерінің директоры Нұрлан Жариев.
