Ақтауда «Тас ескерткіштері - түркі әлемінің ортақ мұрасы» тақырыбында халықаралық симпозиум өтті

Ақтауда IV Түркі әлемі музейлерінің кездесуі «Тас ескерткіштері - түркі әлемінің ортақ мұрасы» тақырыбында халықаралық симпозиум өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
«Ақтау - түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында өткізілген шараға Қазақстан, Әзірбайжан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменстан, Кипр, Гагаузия, Венгрия ұлттық музейлерінің директорлары, отандық ғалымдар мен облыстық музей директорлары қатысты.
Шараның мақсаты - түркі халықтарының бай тарихи-мәдени мұрасын насихаттау, музей ісіндегі халықаралық ынтымақтастықты дамыту. Сондай-ақ дала ескерткіштерінің ажырамас бөлігі саналатын тас ескерткіштерді ғылыми тұрғыда зерделеу мен сақтаудың өзекті мәселелерін талқылау.
Симпозиум пленарлық жиыннан және 4 секциялық отырыстан тұрады. Пленарлық отырыста 6 отандық және 6 шетелдік ғалым мен ұлттық музей директорлары баяндама жасады.
Бүгінгі жиын - түркі халықтарының көне мұраларын ғылыми тұрғыда зерделеуге арналған маңызды алаң. Симпозиумның пленарлық отырысында ұсынылған баяндамалар тас ескерткіштер арқылы көрініс тапқан ортақ мәдени қодтың мәнін ашуға бағытталады. Бұл шара ортақ тарихымыз бен мәдениетіміздің тұтастығын дәлелдейтін, ғылыми байланыстарды нығайтатын ерекше басқосу болды, - деді Ә.Кекілбаев атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры Эльвира Абланова.
Халықаралық симпозиумның логотипі ретінде Бәйті тас мүсіні ескерткіші алынды. Бұл - 1984 жылы Маңғыстау өңіріндегі Үстірт жазығынан табылған археологиялық ескерткіш. Бәйте тас мүсіні Орта Азия аумағынан табылған өзге ескерткіштер арасында аналогы жоқ бірегей мәдени-тарихи мұра ретінде сипатталады.
Шара соңында тас ескерткіштерді сақтау, раставрациялау және музейлік ортада таныстырудың жаңа тәсілдері жөнінде ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар ғылыми қауымдастық үшін ортақ ақпараттық база құру және археологиялық ескерткіштерді цифрландыру мәселесі де талқыланды.
