Маңғыстаудың үкіметтік емес ұйымдары азаматтық қоғам саласында үздік деп танылды

Астанада «Әділетті Қазақстан: Азаматтық қоғам мен мемлекет ынтымақтастығы» XII азаматтық форумы өтті. Салтанатты іс-шарада Маңғыстау облысының үздік үкіметтік емес ұйымдары марапатталды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Форумда белсенді азаматтық ұстанымы мен қоғам игілігі жолындағы еңбегі үшін маңғыстаулық ұйымдарға сыйлықақы, қайырымдылық саласындағы «Құрметті атақ» және «Таңдау» республикалық қоғамдық сыйлығы табысталды.
Үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлықақыны жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдау бағыты бойынша «Маңғыстау жергілікті бастама орталығы» қоғамдық қорының директоры Жақсыгүл Маханбетова, азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын қорғау бағыты бойынша «Маңғыстау облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Никар Рафикова, мәдениет пен өнерді дамыту бағыты бойынша «Алтын оймақ» қолөнерді қолдау қоғамдық қорының директоры Әуес Сағынаева, «Parasat Aktau» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Толқын Құсайынова алды.
Қайырымдылық саласындағы «Құрметті атақты» «Рухтан» қоғамдық қорының директоры Гүлнұр Кушанова иеленді.
Ал «Таңдау» республикалық қоғамдық сыйлығы «Саламатты Ел» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлзира Есетоваға, «Риза Ана» қоғамдық қорының директоры Бибігүл Рамазановаға, «Зеленая школа TAZA.LIKEE» қоғамдық қорының директоры Ирина Татиеваға бұйырды.
ҮЕҰ өкілдері «марапат - өңірде азаматтық қоғамның белсенді дамуының, әлеуметтік жауапкершілік пен қоғамдық келісімге қосқан зор үлестің айғағы» дейді.
