Өзбекстандық кәсіпкерлер Ақтаудағы жәрмеңкеде өз өнімдерін ұсынып жатыр

Ақтауда өтіп жатқан «Made in Uzbekistan» көрме-жәрмеңкесіне Нүкіс қаласынан кәсіпкер Дәулетназар Сайджанов та келіп, өңір тұрғындарына жаңа піскен жемістер, көкөністер мен консервіленген өнімдерін ұсынып отыр, деп хабарлайды otpannews.kz.
– Бұл жәрмеңкеге алғаш рет қатысып отырмын. Өнімдерімізді сұранысқа сай әкелдік. Ақтау халқы жақсы қабылдап, оң бағасын беріп жатыр. Осындай мүмкіндік жасаған ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін, – деді ол.
Жалпы көрме-жәрмеңкеде 60-тан астам өзбек кәсіпкері өз өнімдерінің кең ассортиментін көпшілік назарына ұсынуда. Сауда сөрелерінде азық-түлік өнімдері, атап айтқанда, жемістер мен көкөністер, кептірілген жемістер, сүт және консервіленген тағамдар, одан бөлек текстиль өнімдері, құрылыс материалдары, жиһаз, электротехника, қолөнер бұйымдары бар.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, келушілер өнімдерді тікелей өндірушілерден қолжетімді бағамен сатып ала алады.
Айта кетейік, көрме-жәрмеңке Ақтау қаласының 1-шағынауданындағы «Caspian Oil City» көрме орталығында 30 тамызға дейін өтеді.
