Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Н. Жантөрин театры жаңа маусымның алғашқы премьерасын ұсынды

Нұргүл Алясова
|
27.08.2025 21:30
Н. Жантөрин театры жаңа маусымның алғашқы премьерасын ұсынды

Ақтауда қазақ әдебиетінің классикасына айналған «Махаббат, қызық мол жылдар» романының желісі бойынша сахналанған спектакльдің премьерасы аншлагпен өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.


Н. Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театры көрнекті жазушы Әзілхан Нұршайықовтың бұл шығармасын сахналау арқылы көрерменге махаббат, өмірлік таңдау, әйел тағдыры мен ер-азаматтың жауапкершілігі жайлы терең ойды жеткізгісі келген. Театр директоры Айдос Тастаевтың айтуынша, роман – тек махаббат хикаясы ғана емес, соғыстан кейінгі жылдардағы кезең, өмірдің сынағы сондай-ақ әйел тағдырына арналған сахналық туынды. 


– Біз бәріміз Әзілхан Нұршайықовты оқып өстік. Бұл шығарма әр қазақтың жүрегіне жақын. Бұған дейін спектакльді Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры қойған болатын. Енді сол классикалық туындыны өзіміздің көзқараспен сахнаға алып шықтық. Қойылымның режиссері – Ерлан Кәрібаев. 2003 жылдары Маңғыстау театрында актер боп қызмет етіп бастады. Қазір Ғабит Мүсірепов театрында актер әрі режиссураны аяқтап, осы бағытпен келе жатқан азамат, - дейді Айдос Тастаев. 


Премьераны тамашалаған театр сүйер қауым оң бағасын берді. Қойылымның бас кейіпкері Ерболдың рөлін сомдаған актер Еркебұлан Бекен мен Меңтайды сахналаған жас актриса Сара Солтанбек те көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. 


- Премьераны тағатсыздана күттім. Көңілімнен шықты. Мазмұны терең шығарма ғой. Сахнада көркемдік деңгейі жоғары болды. Актерлердің шеберлігі, сахнаның безендірілуі ұнады, - дейді көрермен Динара. 


Театр ұжымы «Махаббат, қызық мол жылдар» қойылымына сұраныс та жоғары болғанын айтады. Билеттер небәрі бір күннің ішінде сатылып кеткен.


Айта кетейік, облыстық Н. Жантөрин театры XXIII маусымын бастады.

28
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!