Ақтау зауыты жылына 45 мың тоннаға дейін құбыр өндіреді

«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының мүмкіндігі мен Маңғыстаудың инфрақұрылымдық әлеуетін пайдаланып отырған қатысушылардың бірі – әлемнің 15 елінде жұмыс істеп отырған құбыр өндірісіндегі әлемдік көшбасшы – Tenaris компаниялар тобының еншілес кәсіпорны «Kazakhstan Pipe Threaders» ЖШС. 2016 жылы іске қосылған зауыт толық қуатта жұмыс істеп тұр. «Kazakhstan Pipe Threaders» ЖШС Бас директоры Андрей Пилипенконың айтуынша биыл өнімдерін жаңа нарыққа, Өзбекстан нарығына да шығара бастаған, деп хабарлайды otpannews.kz.
Зауытта қырыққа жуық жергілікті тұрғын еңбек етеді. Олар өндіріс іске қосылар алдында Румыниядағы Tenaris Silcotub зауытында тағылымдамадан өткен. Қазіргі таңда кадрларды дамытуға тұрақты түрде көңіл бөлініп, көптеген қызметкерлер оператордан басшы деңгейіне дейін көтерілді. Сонымен қатар ұжым халықаралық тәжірибе алмасуға белсенді қатысып келеді.
«Бұл – еліміздегі бірегей кәсіпорын. Зауыт премиум-классты сораптық-компрессорлық құбырларды майсыз жабындысымен шығарады. Бұл технология құбырларды пайдалану процесін жеңілдетіп, тапсырыс берушілердің жұмыс тиімділігін арттырады. Біз еліміздегі ірі мұнай-газ операторлары үшін сенімді серіктеске айналдық. Біз өз қызметімізді әрі қарай кеңейтіп, жаңа жобаларды іске асыруға дайынбыз. Табысқа жетуімізге арнайы экономикалық аймақ ұсынған жеңілдіктер мүмкіндік берді»,- «Kazakhstan Pipe Threaders» ЖШС Бас директоры Андрей Пилипенко.
Компанияның басым бағыттарының бірі – өңірдің әлеуметтік дамуына үлес қосу. Әр жылы Ақтау мен Жаңаөзен қалаларындағы білім беру саласын қолдауға арналған жобалар жүзеге асырылып келеді.
БАҚ өкілдері танысқан тағы бір жоба - Ақтау халықаралық портының базасында салынып жатқан заманауи контейнерлік хаб. Нысан құрылысы қарқынды жүруде. Жобаны Қазақстан-Қытай бірлескен компаниясы жүзеге асырып жатыр. Компания бас директорының комерция жөніндегі орынбасары Қайрат Қалиолланың айтуынша, контейнерлік хабтың бірінші кезеңі 2026 жылдың басында іске қосылады деп жоспарланған.
Бұған дейін Ақтау порты жылына 70 мың контейнер өңдесе, хабтың арқасында теңіз арқылы тасымалданатын жүк көлемі 3 есеге жуық өспек. Контейнерлік хабта жабық және тоңазытқыш контейнерлерге арналған қоймалар болады. Озық логистикалық инфрақұрылым контейнерлік жүктерді жылдам өңдеуге мүмкіндік береді.
Бұл - құрлықтарды, мемлекеттерді байланыстыратын барлық маршруттың болашағына салынған инвестиция. Сонымен қатар жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдердің нәтижесі. Осы жобаның арқасында еліміздің транзиттік әлеуеті арта түспек.
